Футзалдан Қазақстан құрамасы қола жүлде үшін таласады

Футзалдан Қазақстан құрамасы қола жүлде үшін таласады

Бүгін «Жальгирис-Аренада» футзалдан Әлем чемионатының жартылай финалында Қазақстан құрамасы Португалиядан (2:3) жеңіліп қалды.

Голдар: Дәурен Нұрғожин (39-минутта), Дуглас (42-минутта) – Пани (23-минутта), Бруну Коэлью (49-минутта).

Алғашқы тайм тартысқа толы болды. Көп аңдыспай шабуылға лап қойған екі құрама бір-бірінің осал тұсын іздеумен болды. Ойынның төртінші минутында Біржан Оразов есеп ашқанымен, бейне бақылау барысында доп алаң жиегінен шығып кеткені анықталып, гол есепке алынбады.

Ал екінші кезеңнің 23-минутында Португалия есепте алға шықты. Осыдан кейін Кака шәкірттері бар күшті шабуылға жұмылдырды. Сәтін салып, матчтың аяқталуына бір минут қалғанда Игитаның орнына шыққан Дәурен Нұрғожин допты торда тулатты.

Қосымша уақыттың 42-минутында Дуглас Жуниор айып соққысын сәтті орындап, есепті 1:2-ге жеткізген. Алайда 49-минутта Португалия құрамасы есепті теңестіріп үлгерді.

Өкінішке қарай, пенальти сериясында Португалия футболшыларының мерейі үстем болды.

Естеріңізге сала кетейік, 29 қыркүйекте Аргентина құрамасы Бразилияны 2:1 есебімен жеңіп, финалға шықты. Енді 3 қазанда елорда уақытымен 21:00-де Қазақстан мен Бразилия қола жүлдені сарапқа салады.