«Сенім жолында» фильмі «Еуразия.DOC» атты деректі кино фестиваліне қатысуда

 «Сенім жолында» фильмі «Еуразия.DOC» атты деректі кино фестиваліне қатысуда

Бүгін Минск қаласында өтіп жатқан «Еуразия.DOC» атты үшінші ТМД елдерінің деректі кинолары фестивалі шеңберінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов  атындағы «Қазақфильм» АҚ  Қазақстан Республикасы Дін істері және Азаматтық қоғам министрлігінің қолдауымен түсірген «Сенім жолында» деректі фильмнің көрсетілімі өтеді. Режиссері - Әсия Байғожина.

Фильмде қоғамымыздағы өзекті мәселелердің бірі – дін жолындағы адасушылық туралы баяндалады. Негізгі эпизод – дүйім елді дүрліктірген, бірнеше адамдардың өмірін қиып, 40-қа жуық жергілікті тұрғындарды жаралаған қанды оқиға – 2016 жылы маусымның 5-інде болған Ақтөбедегі теракт. Бұл фильм мұрағат материалдарына,  лаңкестердің шабуылынан аман қалған жандардың, дәстүрлі емес ислам ағымын ұстаушылардың жақындарының естеліктеріне негізделген.

«Еуразия.DOC» атты үшінші ТМД елдерінің деректі кино фестивалі Минск қаласында қазанның 1-і мен 4-і аралығында өтіп жатыр. Фестивальдің басты мақсаты – Достастық елдерінің талантты документалист-реджиссерлерін қолдау, телевизиялық фильмдерді және кинопублицистиканы жарыққа шығарып жүрген жас киногерлердің есімін ашу, шығармашылық байланыстарды нығайту болып табылады.

Фестивальдің іріктеу комиссиясы ТМД елдерінің қоғамдық-саяси өміріне тікелей немесе жанама қатысты оқиғаларды қозғап,  авторлық талдау жасалған  фильмдерді  қабылдайтынын айта кеткен жөн.

Биыл фестивальге қатысуға 23 елден 150 фильмдер үміт білдірген. Оның ішінен негізгі байқауға 12 елдің 24 деректі фильмі іріктелінді. Нәтижесінде, байқауға Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Латвия, Литва, Молдова, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Эстония елдерінің танымал және жас буын кинодокументалистердің фильмдері қатысады. Фестивальдің жеңіпмаздарын танымал киногерлер, саясаткер мен журналистерден құралған халықаралық қазылар алқасы анықтайтын болады.

«Сенім жолында» фильмінің көрсетілімі бүгін, Минскідегі  «Беларусь» кинотеатрында (№5 зал) өтеді. Басталуы жергілікті уақыт бойынша сағат 12:00-де.

 «Сенім жолында»

Режиссері: Әсия Байғожина

Сценарий авторлары: Әсия Байғожина, Мереке Қасен

Операторлар: Ренат Қосай, Нұрсәт Әкімхан

Кеңесші: Асқар Сабдин

Дыбыс режиссері: Бейбіт Исаметов

Композиторлары: Алиби Мәмбетов, Төлеген Момбеков,  Таласбек Әсемкулов және т.б. 
Бейнеинженер: Николай Пономарев

Компьютерлік графика: Андрей Кисилев

Әкімші: Любовь Радионова

Директоры: Нұргүл Нұржігітова

Режиссер туралы:

Байғожина Әсия - кинодраматург, кинорежиссер, Қазақстан кинематографистер одағының мүшесі. 1987 жылы КСРО Мемлекеттік кино жанындағы  сценаристер мен режиссерлер дайындайтын жоғары курсын бітірген. Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында редактор, кейін деректі фильмдер бірлестігінің бас редакторы болып жұмыс істеді. 1990-1996 жылдар аралығында «Параллель» тәуелсіз студиясының көркемдік жетекшісі болды. 1991 жылы Әсия Байғожина өзінің алғашқы режиссерлік жұмысы – Егемендіктің алғашқы сеңін қозғаған Желтоқсан оқиғасына

арналған «Жарияланбаған шерудің хроникасы» атты деректі фильмі жарық көреді. Бұл туынды Қазақстан Республикасы Жастар және журналистер одақатрының арнайы жүлдесімен марапатталады.

ФильмографияСЫ. Деректі фильмдер: «Жарияланбаған шерудің хроникасы» (Н.Чанковамен бірлесе түсірген, КФ, 1991), «Қызыл империя» (деректі сериал, «Гранит» Би-Би-Си» студиясы, 1991), «Дінмұхамед Қонаев – өмір жолы» (КФ, 1995), «Жарыққа құмар» (Г.Алдонгаровамен бірлесіп түсірген, ҚР Президенті ТРК, 1998), «Бақыт формуласы» («М`арт», 2007),  «Елім-ай. Репатрианттар хроникасы» («Қазақфильм», 2007), «Валибайды еске алу» (2008).

Деректі фильмдерді сценарий авторы: «Су – өмір нәрі» (КФ, 1986), «Ауылдың көріністері» (КФ, 1988), «Қорық» (КФ, 1989), «Шпион» (КФ, 1989) және басқалары.