Ұлттық Олимпиада комитетінің Бас Ассамблеясы өтті

Ұлттық Олимпиада комитетінің Бас Ассамблеясы өтті

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық Олимпиада комитеттің Бас Ассамблеясы өтті. Отырысқа Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов, ҰОК президенті Тимур Құлыбаев пен спорт федерацияларының басшылары қатысты.

Жиында Токиодағы жазғы Олимпиада маусымы қорытындыланып, келер жылы Бейжіңде өтетін қысқы Олимпиадаға дайындық барысы талқыланды. Сонымен қатар былтыр, 2020 жылғы қаржылық қызмет туралы есепті бекітті.

Жүздесу барысында сөз алған Ақтоты Райымқұлова қазір әлемде салауатты өмір салтын ұстану ұлттық идеяға айналып, дамыған, қуатты қоғамның берік негізі саналатынын атап өтті.

«Дене шынықтыру мен спортты дамыту адамдардың денсаулығын нығайтуға, жастарды тәрбиелеудің, адамгершілік құндылықтарды сіңірудің тетігі болуға және бос уақытты тиімді пайдалануға ықпал ете алады. Бұл басым бағыттар ретінде айқындалған шет елдерде дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатын ел халқын қамтудың негізгі көрсеткіші ұлғайып жатыр. Ал бұл жоғары жетістікке толы кәсіби спортты негізгі іргетасы»,-деді.

Осыдан кейін министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Олимпиада нәтижесіне қатысты және ел спортына жедел әрі тиімді реформалардың қажеттілігі жайлы объективті сын айтқанын жеткізді.

«Осыған байланысты, қазір Мәдениет және спорт министрлігі бұқаралық, балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, спорт инфрақұрылымын нығайту, кадрлық әлеуетті арттыру, медициналық-биологиялық тұрғыдан қамтамасыз етуді жақсарту, спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын әлеуметтік қолдау бойынша қосымша шаралар қабылдау, спорт саласын цифрландыру бойынша негізгі міндеттерді айқындады. Спортшыларымыздың әлемдік ареналарда сәтті өнер көрсетуі барлық мүдделі тараптың топтасқан жұмысының көрінісі.

Бейжіңде өтетін XXIV қысқы Олимпиаданың басталуына 128 күн қалды. Барлықтарыңыздан алға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін қажетті шаралар қабылдауды сұраймын»,-деді Ақтоты Райымқұлова.

Айта кетейік, Қазақстан делегациясы Токио Олимпиадасында ауыр атлетика, бокс, карате, дзюдо және еркін күрестен 8 қола жүлде жеңіп алды.

«Біз үшін биылғы басты оқиға Токио Олимпиадасы болды. Құраманың нәтижесіне байланысты туындаған қоғамдық резонанс реформаларды тездетуге және спорт жүйесін жетілдіру бойынша нақты іс -шараларды бастауға көмектеседі деп сенеміз. Осы орайда журналистер еңбегін атап өткім келеді. Әсіресе, тәуелсіз басылымдар спортқа бей-жай қарамайтынын көрсетті. Маңызды мәселелерді көтеріп, оған тиісті жауап талап етіп, ақпарат таратудағы еңбектеріңізді жоғары бағалаймын. Иә, қателіктердің болғаны рас. Көптеген спорт түрінің нәтижесі көңіл көншітпейді және біздің бүгінгі міндетіміз – болашақта мұның қайталануына жол бермеу»,-деді.

Сонымен қатар Тимур Құлыбаев бұл Олимпиадаға үлкен дайындық жұмысы жүргізілгенін жоққа шығаруға болмайтынын айтты.

«Біз пандемия салдарынан көптеген факторға тап болдық. Бүкіл спорт қоғамдастығы атынан Мемлекет басшысына біздің команданы дайындауға қатысты мәселелерді жан-жақты шешіп, қолдау көрсеткені үшін алғысымды білдіргім келеді. Сондай-ақ барлық спортшыға, әсіресе, ел намысын абыроймен қорғап, елге жүлдемен оралған атлеттерге алғыс айтамын. Олимпидаға тек үздіктердің-үздігі ғана қатысады»,- деді.

Команданың Токиодағы көрсеткішін саралай келе, Қазақстан құрамасының осындай нәтиже көрсетуінің екі себебін атауға болады. Олар: пандемия мен олимпиадалық спорт түрлері бойынша қаржыландырудың қысқартылуы.

Осыдан кейін Бейжіңде 2022 жылы 4-20 ақпан аралығында өтетін қысқы олимпия ойындары талқыланды. Жолдама үлестірілетін додалар 16 қаңтарға дейін өтеді. Қазақстандық спортшылар 50-ден астам лицензиялық турнирге қатысуды жоспарлап отыр.

Пандемияға қарамастан ҰОК қысқы спорт түрлері бойынша командалардың жаттығулары мен жарыстарын толыққанды ұйымдастырды. Биыл жалпы саны 105 оқу-жаттығу жиыны өтті. Оның ішінде 69 жаттығу жиыны шетелде өткізілді. Ақ Олимпиадада Қазақстан 8 дисциплина және 4 спорт түрінен бақ сынауды жоспарлауда.

Кездесу барысында ұлттық федерация басшылары көптеген бағыттың жақсарғанын, атап айтқанда, ұлттық құрамаларды дайындау мен жаттығуларда федерация рөлінің күшейгенін атап өтті. Бұл ең алдымен федерациялар мен ұлттық құрамалардың өздерін қамтамасыз етуге оң әсерін тигізді. Ұлттық Олимпиада комитеті енгізген принципті жаңа тәсіл - спорт федерациялары мен жаттықтырушылар штабы спорт құрал-жабдықтары мен спорт тамақтарын сатып алу қажеттілігін, көлемін, тізімін және техникалық сипаттамасын өздері анықтайды. Сонымен қатар командаларға кешенді ғылыми топтардың мамандары тұрақты медициналық-биологиялық қолдау көрсетеді. Спортшыларды даярлау үшін жағдайлар жақсартылды және  жаттығулар тек аккредиттелген базаларда жүргізіледі. Тағы ҰОК, ұлттық және халықаралық федерациялар арасындағы халықаралық ынтымақтастық нығайып келе жатқанын айта кетуге болады.

Бас Ассамблея жылдың қаржылық есебін мақұлдап, «Эрнст и Янг» компаниясын 2021 жылға ҰОК-тың сыртқы қаржылық аудиторы етіп тағайындады. Отырыс соңында көрнекті қайраткерлер мен спорт ардагерлері марапатталды.