
Бүгін Мәдениет және спорт министрлігі Архив істері және құжаттаманы басқару комитетінің ұйымдастыруымен Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Ұлы Дала мұрасы» атты іс-шара өтті.
Іс-шараның мақсаты – Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы қорында сақталған мәдени мұраларды кеңінен насихаттау.
Жиынға Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп, Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, Президент баспасөзі қызметінің сарапшысы Ербол Алшынбай, белгілі тележурналист Зейін Әліпбек, «Айқын» газеті бас редакторының орынбасары Гүлзина Бектас, «Тарих порталы» сайтының бас редакторы Алтынбек Құмырзақ қатысып, сөз сөйледі.
Пресс-тур басында Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының сарапшысы Мұхаммедияр Аңқабаев келген қонақтарға көрмеге қойылған көне қолжазбалар мен кітаптарды таныстырды. Осыдан кейін мекемедегі реставрация бөлімінің маманы Жансерік Бейсенқұлов жұмыс барысымен таныстыра келе, өңдеу жолын көрсетті.
Бес бөлімнен тұратын орталықта 1920 жылы басылып шығарылған тарихи құндылығы жоғары газеттер де жиналған қонақтар назарына қойылды. Сонымен қатар іс-шара аясында көне кітаптарды насихаттауға бағытталған дөңгелек үстел ұйымдастырылды.
Нұртөре Жүсіп мемлекет тарапынан ұлттық орталық қорында сақталған мәдени мұраларды кеңінен насихаттау ісіне тұрақты қолдау көрсетіліп келе жатқанын жеткізді. Л.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының ғылыми кеңесшісі Зада Дүкенбаева салада атқарылып жатқан жұмыс жайлы тарқатып айтты.