Нұр-Сұлтан қаласында халықаралық Astana Marathon өтті

Нұр-Сұлтан қаласында халықаралық Astana Marathon өтті

Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова дәстүрлі халықаралық Astana Marathon-ға қатысып, 10 километр қашықтыққа жүгірді. Әуелі министр ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған дәстүрлі желаяқтар жарысының ашылуында сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

«Биыл 5100 қатысушы World Athletics ұйымы тарапынан берілген «қола» мәртебесі бар марафонда кім мықтыны анықтады. Айта кетейін, Astana Marathon ТМД аумағында дәл осындай статусқа ие болған алғашқы, әрі жалғыз марафон саналады. Қазақстандық марафоншыларды қалыптастыруды, елорда мен еліміздің имиджін ілгерілетуді мақсат еткен ауқымды жоба алғаш өткізілген 2009 жылдан бері еліміздегі түрлі қайырымдылық қорлар үшін 37,125,458.00 теңге жинаған екен. Осынау игі жоба сәтті жалғаса беруіне тілектеспін»-деді ол.

Сонымен қатар Мәдениет және спорт министрі Astana Marathon-ның әуесқойлар мен кәсіпқойлардың бас қосып, шеберлік байқасатын жарыс екенін жеткізді.

«Жалпы Astana Marathon-ға қатысушылар, қызығушылар қатары жылдан-жылға артып келе жатыр. Әуесқойлар үшін Бостон марафонына қатысуға, кәсіпқойлар үшін Олимпиада жолдамасын иеленуге мүмкіндік беретін «Астана марафон» бүгінде ерлер мен әйелдер санатында ресми түрде Орта Азиядағы ең жылдам жарыс атанып отыр»,-деді Ақтоты Райымқұлова. 

Сондай-ақ марафонға МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, қала әкімі Алтай Көлгінов қатысты.