
Бүгін Мәдениет және спорт министрлігінің «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасында, парасаттылық мәдениетін ілгерілету бойынша 2021 жылға арналған ведомствоаралық Жоспарды жүзеге асыру мақсатында жазушы, қоғам қайраткері Үзбен Құрманбайұлының жуырда ғана баспадан шыққан «Мейірім пәлсапасы» кітабының тұсаукесері өтті.
Аталған іс-шараға Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Сенат төрағасының орынбасары Нұрлан Әбдіров, ҚР Ардагерлер ұйымының орынбасары, академик, мемлекет, қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбаев, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, Л.Гумелев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы, қоғам және мемлекет қайраткері Ғарифолла Есім, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, Мәдениет және спорт министрлігі «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілі, Жазушылар одағының мүшесі, ақын Ерқожа Тілепбердиев, «Парасат орталығының» директоры, жазушы, қоғам қайраткері Сәдібек Түгел, жазушы, ақын, қоғам қайраткері Әкім Ысқақ қатысып, сөз сөйледі.
Іс-шарада кіріспе сөзді Нұрғиса Дәуешов парасаттылық идеологиясын ілгерілету кез келген сыбайлас жемқорлық әрекеттеріне төзбеушілікті қалыптастыратынын айтты.
«Мемлекетіміздің және қоғамымыздың қарыштап дамуы үшін парасаттылық, ізгілік сынды ұлттық құндылықтарға және жеке адамдардың бойындағы асыл қасиеттерге басымдық беруіміз қажет. Осы мақсатта министірлігімізде «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі ашылып 2019 жылдан бері бағынысты мекемелермен үздіксіз жұмыс істеп, қоғам қайраткерлерімен, өнер иелерімен, зиялы қауыммен байланыс орнатуда. Сонымен қатар биыл 3 ақпанда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесе отырып «Парасат жолы» орталығы ашылды. Бұл жобалардың жұмысы адалдық, парасаттылық қағидаттарын қалыптастыруға, ұлттық мәдениет пен руханият құндылықтарын ілгерілетуге ықпал етуде. Осы жолда Үзбен Құрманбайұлы – «Мейірімді қоғам, мемлекет құрудың пайдасы» сияқты еліміздің қоғамдық құрылысын кемелдендіру арқылы тәуелсіздігімізді қорғап сақтауға, қоғамды ізгіліктендіруге байланысты мәселе көтеріп, салиқалы ойларын ортаға салуда»,-деді Мәдениет және вице-министрі.
Келесі сөзді оқулық авторы Үзбен Құрманбайұлы алып, кітапты жазудағы мақсаты жайлы айтты. Қазіргі таңда адамдардың мейірімділікке мұқтаж екендігін айтып өтіп, жастарды отан сүйгіштікке тәрбиелеуге шақырды. Сондай-ақ осындай іс-шараны ұйымдастыруға мұрындық болған Мәдениет және спорт министрлігінің «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесіне алғысын жеткізді.
Осыдан кейін тұсаукесер рәсіміне кезек келді. Кітаптың лентасын Нұрғиса Дәуешов, Әкім Ысқақ, Дихан Қамзабекұлы, Бекболат Тілеухан, Өмірзақ Озғанбаев, Ғарифолла Есім кесті.
Жиын соңында Бекболат Тілеухан жастарды мейірімділік пен ізеттілікке тәрбиелейтін кітаптың авторы Үзбен Құрманбайұлына алғыс айтты. Дихан Қамзабекұлы кітап жайлы пікірін ортаға салып, 2000 данамен жарық көрген «Мейірім пәлсапасы» кітабы кез келген адамның жүрегіне жылу сыйлайтын таптырмас дүние екенін атап өтті.