Ұлттық музейде «Бейбітшілік тағы» атты көрме ашылды

Ұлттық музейде «Бейбітшілік тағы» атты көрме ашылды

23 қыркүйек пен 23 қазан аралығында Ұлттық музейде мозамбиктік суретші Гонсало Мабунда туындыларының, қазақстандық және өзге де шетелдік қылқалам шеберлерінің шығармашылығына арналған «Бейбітшілік тағы» атты көрме өтеді.

Көрмедегі басты экспонаттар – мозамбитік өнерпаз Гонсало Мабунданың «Тақ» және «Маска» атты ерекше мүсіні. Мемлекет қайраткері Дариға Назарбаеваның бастамасымен алынған бұл мүсіндер Ұлттық музейдің қорына сыйға табысталды.

Көрме Семей ядролық полигонының жабылуына 30 жыл толуына арналады. Осы тарихи оқиғаға экспозицияның жеке бөлімі арналған. Сонымен қатар экспозицияда бейбітшілікті, қоршаған орта мен туған жерге деген сүйіспеншілікті, тарихқа деген зор ықыласты насихаттайтын 25-тен астам қазақстандық суретшінің жұмысы қойылған. Олардың арасында А. Ғалымбаева, А. Аканаев, Ә. Сыдыханов, Ә. Хайдаров тағы басқа сынды қазақ өнерінің майталмандары бар.

Көрмені ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, «Дегдар» гуманитарлық қоры мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі ұйымдастырып отыр. Экспонаттарды ҚР Ұлттық музейі, Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейі, «Дегдар» қоры, «Еуразиялық мәдени альянс» ҮЕҰ, «Құланшы» заманауи өнер орталығы, «Жаухар» сурет галереясы ұсынды. Көрме жетекшісі – өнертанушы Рамина Дембаева.

Біздің анықтама:

Автоматтар, патрондар, гильзалар, жер миналары сынды деактивацияланған қарулар мен 16 жыл бойы Мозамбикте болған сұрапыл азаматтық соғыстың өзге де ауыр қалдықтарынан жасалған бұл жұмыстың бірегейлігі мен маңыздылығы зор. Қару-жарақты өнер туындыларына айналдырған Гонсало Мабунда мүсіндер арқылы жақсылық пен жамандықтың мәңгілік қарама-қайшылығы жайында айтып, «Қылыштарды ораққа айналдыру керек» деген библиялық өсиетті ұстануға шақырады.

Гонсало Мабунданың өнері формасы жағынан ұлттық сипатқа ие. Маска – дәстүрлі африкалық мәдениетпен байланысты символдың бірі, салт-жоралардың қасиетті атрибуты. Тақ – кейде қару-жарақсыз күші әлсіз болатын көшбасшылар билігінің символы. Мабунданың тағын «Бейбітшілік тағы» деп атауға болады. Өйткені ол қатыгездік пен зорлық-зомбылықтың қараңғы түнегімен күресіп, адам бойындағы жарқын жасампаздық идеясының жеңісін білдіреді.