
Бүгін Литвада өтіп жатқан футзалдан IX Әлем чемпионатының А тобындағы соңғы тур ойындары өтіп, плей-офқа жолдама алған құрамалар анықталды.
Вильнюс қаласында Қазақстан құрамасы үшінші ойында Венесуэламен тең түскенімен (1:1), қосымша көрсеткіш бойынша топта бірінші орын алды.
Бесінші минутта Дуглас қарымта шабуылды сәтті аяқтап, құрамамызды алға шығарды. Алайда матчтың аяқталуына 10 секунд қалғанда Видаль таразы басын теңестіріп кетті. Екі құрама еншісінде 7 ұпай бар. Бірақ соғылған, өз қақпасына өткізген гол көрсеткіші жағынан нәтижеміз жақсы болғандықтан Қазақстан көш басында қалады.
Венесуэла - қазақстандық футзалшылар күш сынасқан жалпы 52-ші құрама. Ал Латын Америкасы елдері арасында Аргентина мен Бразилиядан кейінгі үшінші құрама.
Айта кетейік, ұлттық құрама Әлем чемпионатының осыған дейінгі екі матчында жеңіске жеткен. 12 қыркүйекте Коста-Рикадан (6:1), 15 қыркүйекте алаң иесі Литвадан (3:0) басым түсті.
Қазақстан құрамасының плей-офтағы қарсыласы ертең белгілі болады. Кака баптайтын футзалшылар 1/8-де С, D я болмаса E тобында үшінші орын алған құрамамен кездеседі. Аталған матч 23 қыркүйекте Каунас қаласындағы Жальгирис-Аренада өтеді деп жоспарланған.
Біздің анықтама:
Биыл Қазақстан өз тарихында үшінші рет футзалдан Әлем чемпионатына қатысып жатыр. Алғаш рет 2000 жылы Гватемаладағы мундиальда Азия конференциясының атынан қатысып, А тобында соңғы орын алған еді. Ал екінші рет 2016 жылы Колумбияда өткен турнирде Е тобында екінші орын алып, плей-офқа шыққан. 1/8 кезеңде Испанияға (5:2) жол берген.