
Бүгін Қырғыз Республикасы, Ыстықкөл облысындағы «Каприз» демалыс орталығында триатлоннан Азия чемпионаты өтті.
Қазақстан, Жапония, Өзбекстан, Палестина, БАӘ, Қырғызстан, Иран мен Брунейден келген 60 атлет Elite (750 метрге – суда жүзу, 20 км велосипед, 5 км жүгіру) және U-15 (13-15 жас аралығындағы жасөспірімдер (300 метр – суда жүзу, 8 км вело мен 2 км жүгіру) санатында сынға түсті.
Құрлық бәсекесіне 18 қазақстандық спортшы қатысып, сәтті өнер көрсетті. Отандастарымыздың нәтижесін назарларыңызға ұсынамыз.
Elite санатында әйелдер арасында жапониялық Сарика Накаяма (1:03:12) жеңіске жетсе, қазақстандық Екатерина Шабалина (1:03:21) екінші орын алды. Үштікті тағы бір жапониялық атлет түйіндесе, қазақстандық Надежда Бекмағамбетова (1:05:42) төртінші, Юлия Озерова (1:07:49) сегізінші сатыға жайғасты.
Ал ерлер бәсекесінде отандасымыз Дарын Қонысбаев (0:55:53) топ жарды. Жапониялық Киотаро Юшикава екінші, тағы бір қазақстандық Аян Бейсенбаев (0:56:58) үштікті түйіндеді.
13 пен 15 жас аралығындағы ерлер арасындағы жарыста тұғыр биігінің барлық сатысына Қазақстан құрамасының мүшесі жайғасты. Никита Дубинский (0:27:33) бірінші, Станислав Глок (0:27:59) екінші, Тимур Бакиров (0:28:25) үшінші орын алды.
Қыздар арасында отандасымыз Диана Ержанова ешкімге дес бермесе (0:31:48), қырғызстандық Альфина Артыққожаева екінші, отандасымыз Ангелина Редченко (0:32:35) үшінші орыннан көрінді.