
Бүгін Румыния астанасы Бухаресте Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында «Қазақстан» саябағының, елордадағы «Бухарест» саябағында румын әдебиетінің классигі Михай Эминеску бюстінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Телекөпір форматында өткен іс-шараға Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қазақстан Республикасының Румыниядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нұрбах Рүстемов, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ерлан Әлімбаев, Румыния Республикасы Парламент Сенатының төрағасы Анка Драгу, еліміздегі Румынияның Елшісі Мадалина Лупу, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры Дәулеткерей Кəпұлы, Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданынының әкімі Берік Жәкенов және екі мемлекеттің зиялы қауым өкілдері қатысты.
Екі мемлекеттің әнұраны шырқалғанан кейін бір уақытта Бухаресте Нұрбах Рүстемов пен Анка Драгу «Қазақстан» саябағының, Нұр-Сұлтанда Ақтоты Райымқұлова мен Мадалина Лупу Михай Эминеску бюстінің лентасын қиды.
Ақтоты Райымқұлова бүгін екі мемлекетте қатар өтіп жатқан іс-шара Қазақстан мен Румынияның мәдени өміріндегі маңызды оқиғаның бірі екенін айтты.
«Михай Эминеску шығармашылығы румын халқы үшін, бізге ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлының шығармашылығы сияқты қымбат екені сөзсіз. Өйткені, Эминеску, хакім Абай сияқты, қазіргі румын әдебиетінің негізін қалаушы және мәдени-ұлттық жаңғырудың жарық дүниелерінің бірі»,-деді.
Сонымен қатар Мәдениет және спорт министрі бүгінгі іс-шара Қазақстан мен Румынияның мемлекетаралық ынтымақтастығы жылдарында қалыптасқан тығыз мәдени байланысын сақтауға және дамытуға деген ұмтылыстың айқын дәлелі болғанын атап өтті.
«Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Румыния Үкіметі арасында 2009 жылы 20 қарашада қол қойылған туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісім мен біздің министрліктер арасындағы 2013 жылы 27 маусымдағы мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келісім қолданылады. Сонымен қатар қазір спорт саласындағы ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қою қарастырылып жатыр. Біз өз құзыреттерімізге жататын салаларда өзара тиімді ынтымақтастыққа әрдайым дайынбыз»,-дей келе сөзін Михай Эминеску өлеңінен үзінді оқумен қорытындылады.
Естеріңізге сала кетейік, былтыр 5 қарашада Ақтоты Райымқұлова Румынияның Мəдениет министрі Богдан Гиоргиумен ZOOM платформасы арқылы жүздесу өткізген еді.
Аталған кездесуде Ақтоты Райымқұлова Румынияда ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175, ғұлама Əбу Насыр əл-Фарабидің 1150 жылдығы аясында бірқатар елеулі іс-шара өткенін, Бухаресттегі орталық саябақтың бірінде Абай Құнанбайұлының бюсті орнатылғанын атап өтіп, екі жақты байланыстың нығая түсетініне сенім білдірді. Осыдан кейін Михай Эминеску жырларын қазақ тіліне аударуға, 2021 жылы Нұр-Сұлтанда «Абай Құнанбайұлы-Михай Эминеску» поэзиясының əлемдік фестивалін өткізу жайлы ұсынысты Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қарастырып жатқанын айтқан болатын.