
Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінде Токиода өткен XVI жазғы Паралимпиадада жүлде жеңіп алған спортшылар мен олардың бапкерлеріне құрмет көрсетуге арналған салтанатты іс-шара өтті.
Жиынға барлық жүлдегер мен олардың бапкері және Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, Президент Әкімшілігінің Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Нұргүл Мауберлинова, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Ұлттық Паралимпиада комитетінің Бас хатшысы Ерлан Сүлейменов қатысты.
Қырымбек Көшербаев жазғы Паралимпиада ойындарында жүлде жеңіп алған спортшыларға Мемлекеттік награда мен қаржылай сертификаттарды, ал Ақтоты Райымқұлова бапкерлерге қаржылай сертификаттарды табыстады.
Айта кетейік, кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Давид Дегтяревті III дәрежелі «Барыс» орденімен, Зарина Байбатинаны, Теміржан Дәулетті, Әнуар Сариевті «Парасат» орденімен, Нұрдәулет Жұмағалиды «Құрмет» орденімен наградтау туралы Қаулыға қол қойды.
Салтанатты іс-шара кезінде алтын медаль алған парапауэрлифтингші Давид Дегтяревке 106 миллион, бапкеріне 84 миллион; күміс медальге ие болған парадзюдошылар Зарина Байбатина, Теміржан Дәулет, Әнуар Сариевке 63 миллион, бапкеріне 51 миллион (үш жүлдегер үшін жалпы 153 млн); қола жүлдегер атанған Нұрдәулет Жұмағалиге 31 миллион теңге, бапкеріне 25 миллион теңге қаржылай сыйақы табысталды. Бұдан бөлек, министр Ұлттық Паралимпиада комитетінің Бас хатшысы Ерлан Сүлейменовті төсбелгімен марапаттады.
Іс-шарада сөз алған Ақтоты Райымқұлова паралимпиадашылардың Токио төріндегі жетістігі қазақ спорты тарихына алтын әріппен жазылғанын, еліміздегі пара спорттың дамуына тың серпін беретінін жеткізді.
Токио-2020 – тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең табысты Паралимпиада болды. Биыл өз тарихымызда ең көп спортшы апарып қана қоймай, ең жоғары нәтижеге қол жеткіздік. Сіздер төрт жылдықтың басты додасына жолдама жеңіп алу арқылы рухы мықты жан екендеріңізді танытқан едіңіздер. Енді сәтті өнер көрсетіп, көк туымызды биікте желбіретіп, бізге зор қуаныш сыйлап жатырсыздар. Сол үшін Сіздерге және бапкерлеріңізге алғыс айтамын,-деді министр.
Жиын соңында Қазақстан делегациясы атынан Давид Дегтярев пен Теміржан Дәулет сөз сөйлеп, пара спортты дамытуға жағдай жасап жатқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс айтты.