
Киножобаларды қорғауға дайындық қызу жүріп жатыр. Осы кезеңде конкурсты өткізу ережелеріне қатысты көптеген сұрақ келіп түсуде. Сондықтан біз конкурсқа қатысты ең өзекті сұрақтарға жауап беруді жөн көрдік. Конкурстың бекітілген қағидалар мен нұсқаулықтарға сәйкес өткізілетінін барлық кинематографистің түсінуі өте маңызды.
Киножобалар қалай іріктеледі, критерийлері қандай?
Өтінімдерді қабылдаудың алдында конкурсты ұйымдастырушылар маңызды акценттерді белгілейді. Сол басымдықтар одан әрі қаржыландыруға үмітті киножобаларды іріктеу кезінде ескеріледі.
Өтінімдерді қарау кезінде бірінші кезекте мемлекеттік мүдделерге қызмет ететін фильмдерге, сондай-ақ кино өнері арқылы Қазақстанның танымалдылығын арттыруға көңіл бөлінеді. Біз конкурсанттарымызды «ұлттық» мәртебесіне сай контентті қалыптастыруға бағдарлаймыз. Мұнда көптеген фактор рөл ойнайды. Сценариймен қатар жобаның жалпы дамуы, оның прокаттық және фестивальдік әлеуеті маңызды. Мысалы, биыл бұл тарихи тақырыптарға арналған фильмдер, әлеуметтік маңызы бар, жастарға арналған, Қазақстанның ұлы қайраткерлері туралы деректі жұмыс, халықаралық кинонарыққа шығатын балаларға арналған анимациялық картиналар. Бұдан бөлек, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы тақырыбы кинематографтың барлық жанрында ең жоғары идеялық–көркемдік деңгейде көрініс табуға тиіс.
Өтінімдерді қарау кезінде сарапшылар тек жоба синопсисін қарастыра ма немесе олардың толық сценарийін оқи ма?
Сарапшылар өтінім берушілер ұсынған құжаттардың барлығын назарға алады. Жобаның сценарийін оқудың алдында сарапшылар синопсиспен танысатыны белгілі. Осы кезеңде оларды қызықтыра білу өте маңызды. Кейде синопсисті оқығаннан кейін, жобаның тақырыбы өтінімдер қабылданғанға дейін ұйымдастырушылар жариялаған тақырыптарға мүлдем сәйкес келмейтінін немесе тіпті қайшы келетінін біліп жатамыз. Осы басым тақырыптар тізімін мұқият оқып шығыңыз және конкурсқа сәтті қатысу мүмкіндігін арттыру үшін оны басшылыққа алыңыз.
Менің өтінімім неліктен келесі кезеңге өтпеді?
Өтінімнің іріктеуден өтпеуінің бірнеше себебі болуы мүмкін: жоба тақырыбы мемлекеттік қаржыландыруды бөлу үшін басым емес, авторлардың кәсіби командасы жеткіліксіз, конкурсқа қатысу үшін құжаттар дұрыс ресімделмеген, олардың тізбесі толық берілмеген және т.б.
Өзіне және өз жобасына сену – сәттіліктің маңызды құрамдас бөлігі. Бірақ бұл жағдайда жобаға қатысушының өзі ғана емес, сонымен қатар көркемдік талғамы, түйсігі және тәжірибесі бар беделді сарапшылар да сенуі керек.
Өтініміңіздің нақты конкурста мақұлданбағаны – Сіздің жобаңыз үшін нақты бір үкім емес. Байқаудың бастапқы шарттары аясында жобаңыздың мүмкіндіктерін мұқият бағалауға тырысыңыз. Егер сіз қай жерде қате кеткенін түсінсеңіз, жобаны жетілдіру бойынша жұмысты жалғастыра беріңіз және оны келесі конкурсқа ұсыныңыз немесе балама инвестицияларды табуға тырысыңыз. Ол болмаса таңдау критерийлеріне сәйкес келетін басқа жобаны тапсырып көріңіз.
Мемлекеттік қолдауды тек атақты режиссерлер алады деген рас па?
Бұл жаңсақ пікір. Кино орталық жас кинематографистердің, Қазақстан мен шет елдерде танымал, тәжірибелі режиссерлердің де жобаларын қолдайды.
Мысалы, былтыр конкурс қорытындысы бойынша 39 жоба мемлекеттің қаржылық қолдауына ие болды. Олардың ішінде жас режиссерлер түсірген 5 дебюттік фильм, 9 қысқа метражды фильм, 5 анимациялық және 4 көркем жоба бар.
«ҰКҚМО» КЕАҚ Өндіріс бөлімінің ақпараты бойынша, осы жылдың қыркүйек айында қорғауға жіберілген байқауға қатысушылардың арасында «Авторлық кино» (шамамен 75%), «Анимация» (85) және «Кең ауқымды көрермендер аудиториясына арналған ойын-сауық фильмдері» (80%) секцияларында жастар саны басым.
«Қазақфильмнен» түскен барлық жоба неліктен конкурстық өтінімдерді қорғауға өтті?
Сараптама кеңесі бірауыздан «Қазақфильм» киностудиясының барлық жобасы қорғауға жіберіледі деген шешім қабылдады. Біздің стратегиялық міндетіміз – еліміздің ең ірі киностудиясының қалай дамып жатқанын, қандай кино ұсынатынын, қай бағытта қозғалатынын, сценарий қоржынында не бар екенін көру. Егер біз ұлттық киноны қолдау туралы айтатын болсақ, ұлттық киностудияға Сараптама кеңесінің ерекше назар аударғаны таңқаларлық жағдай емес.
Сараптама кеңесінің құрамында кімдер бар? Оларды тағайындау критерийлері қандай? Құрам қаншалықты жиі ауысады?
Сараптама кеңесі – құрамына шығармашылық тұлғалар, халық әртістері, режиссерлер, сценаристер, кинотанушылар, жазушылар, актерлер, мемлекеттік жоғары оқу орындарының ректорлары және ҰКҚМО басшылары кіретін консультативтік-кеңесші орган. «ҰКҚМО» КЕАҚ жанындағы Сараптама кеңесі туралы» ережеге сәйкес, оның құрамы жыл сайын жаңартылып отыруға тиіс. Сараптама кеңесінің құрамы Үкімет қаулысымен бекітіледі.
Сараптама кеңесінің мүшелері немесе «ҰКҚМО» КЕАҚ өкілдері конкурсқа өз жобаларымен қатыса ала ма?
Сараптама кеңесінің қазіргі мүшелері және «ҰКҚМО» КЕАҚ қызметкерлері конкурсқа қатысуға өтінімдер бере алмайды. Алайда «Кинематография туралы» Заңға сәйкес ҚР Үкіметі бекітетін Сараптама кеңесінің құрамына шығармашыл қызметкерлер мен сарапшылар кіретіндіктен, ал кино орталықтың штаты кинематографистерден тұратындықтан, «ҰКҚМО» КЕАҚ-қа немесе Сараптама кеңесіне жұмысқа шақырылғанға дейін Өтінім беруші конкурсқа қатысуға өтінім берген және жобаны іске асыру басталған жағдайлар кездесіп жатады. Заңгерлердің айтуынша, мұндай жағдай туындаған кезде Өтінім беруші мүдделер қақтығысын болдырмау үшін барлық қажетті әрекетті жасауға міндетті.