
Бүгін 100 метрге брасс әдісімен суда жүзуден S-13 санатында (көз жанары зақымданған) финалда бақ сынаған Нұрдәулет Жұмағали қола жүлдеге қол жеткізді. Қазақстандық пара спортшының көрсеткіші – 1:05.20 секунд. Ақтық сында жүлдеге таласқан тағы бір отандасымыз Нұрәли Советқанов 8-орын алды.
Германиялық Талисо Энгель қара үзіп, алтын алса, америкалық Дэвид Генри Авраамс күміске ие болды.
Таңертең іріктеу кезеңінде Нұрдәулет бұл қашықтықты бір минут, 4 секундта бағындырып өз тобында екінші орын алған еді. Осылайша, Нұрдәулет 16 дүркін Паралимпиада чемпионы, Беларусь өкілі Игорь Бокидің өзін басып озды. Ал Нұрәли Советқанов бір минут, он секунд уақытымен өз тобында 4-орын жайғасқан.
Айта кетейік, бұл қазақстандық пара жүзушілер төрт жылдықтың басты бәсекесінде жеңіп алған екінші жүлде. Осыдан бес жыл бұрын Риода тараздық Зүлфия Габидуллина чемпион атанған еді.
Қазір Қазақстан делегациясының еншісінде 5 медаль бар. Жалпыкомандалық есепте бір алтын, үш күміс, бір қоламен 44-орында келе жатыр.