Бүгін «Білім күні» қарсаңында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова білім беру ұйымдарын жаңа оқу жылының басталуына дайындау бойынша жұмыстың қорытындысын шығару, сондай-ақ елдегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, одан әрі жұмыс істеу жөнінде кеңес өткізді. Бұл кеңеске министрлікке бағынысты ұйымдардың өкілдері қатысты.
Кеңес барысында айтылғандай, өткен оқу жылы алғаш рет қашықтықтан өтті. Мұғалімдер, оқушылар мен студенттер жаңа режимге ауысып, онлайн форматта оқуға мәжбүр болды. Алайда сапалы білім мен дағдыларды игерудің іргелі негізі әрі неғұрлым тиімді тәсілі – білім алушы мен педагогтің жанды диалогі арқылы өтетін үйреншікті оқыту.
Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес (биыл 25 тамыздағы №36), жаңа 2021-2022 оқу жылында барлық меншік нысанындағы және ведомстволық бағыныстағы білім беру ұйымдарына дәстүрлі форматта оқуға рұқсат етілді. Оқу процесін күндізгі форматта ұйымдастырудың негізгі шарттары – санитариялық және эпидемияға қарсы іс-шараларды сақтау, педагогтар мен персоналды 100% вакциналау (тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар, сауыққаннан кейін 3 ай ішінде COVID-19 ауырып жазылған адамдарды қоспағанда), ұйымға Ashyq қосымшасымен кіргізуді ұйымдастыру.
Бұдан бөлек, рециркулятор, санитайзер, тері антисептиктерінің, дезинфекциялау және жуу құралдарының саны жеткілікті болуын қамтамасыз ету; асханадағы ауа рециркуляторларының қондырғыларын қамтамасыз ете отырып, тамақтануды ұйымдастыруға бақылауды күшейту және бөгде адамдардың кіруіне тыйым сала отырып, COVID-19-ға қарсы вакцина алған студенттерді жатақханаға орналастыру қажет. Ал 18 жасқа толмаған, сондай-ақ тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар және соңғы 3 ай ішінде COVID-19 ауырып жазылған студенттерді орналастыруға болады.
Кеңесте педагогтар мен қызметкерлердің, сондай-ақ білім алушылардың вакциналау қарқынының мониторингісі бойынша есеп тыңдалды. Осыған байланысты білім беру ұйымдарының, мәдениет және спорт мекемелерінің барлық басшыларына соңғы үш ай ішінде тұрақты медициналық бөлінісі бар және COVID-19-бен ауырып жазылған қызметкерлерді қоспағанда, қызметкерлер мен кәмелетке толған студенттерді 100% вакциналауды қамтамасыз ету тапсырылды.
Сондай-ақ Ақтоты Райымқұлова жоғары білікті мамандарды даярлаудың маңызды мәселесі – білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасы екенін айтты. Бүгінгі таңда министрліктің қарауындағы барлық дерлік жоғары оқу орындарында, колледждер мен мектептерде жөндеу жұмыстары аяқталды, дайындық 100%-ды құрайды.
«Құрметті жоғары оқу орындарының ректорлары, мектеп, колледж және мектеп-интернаттарының директорлары, сіздер балалардың білім алуы үшін және тәрбиесі үшін қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасауларыңыз керек. Балалар мен қызметкерлердің денсаулығын қорғауды қамтамасыз етуде сапалы және тиімді жұмыстар атқаруға, сондай-ақ оқу-тәрбие процесін сапалы ұйымдастыруға міндеттісіздер», – деді Ақтоты Райымқұлова.
Сондай-ақ биылғы жыл еліміздің тарихындағы атаулы күндерге толы. Олардың қатарында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығы, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы бар. Министр Отанымыздың тарихи жетістіктерін кеңінен ақпараттық насихаттауды дамытудың уақыты келгенін тілге тиек етті.
Кездесу соңында департамент басшысы Министрлікке бағынысты ұйымдардың өкілдері қойған сұрақтарға жауап берді және жетекшілік ететін вице-министрлерге бекітілген нысандардағы эпидемиологиялық қауіпсіздік мәселелерін бақылауда ұстауды тапсырды.