Халықаралық туризм және меймандостық университетінде конкурстық комиссиясының отырысы өтті

Халықаралық туризм және меймандостық университетінде конкурстық комиссиясының отырысы өтті

Бүгін, 20 тамызда Халықаралық туризм және меймандостық университетінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан берілген 800 атаулы грант орындарының конкурстық комиссиясының отырысы өтті.

Конкурс отырысының алғашқы сөз легін комиссия төрайымы, «Халықаралық туризм және меймандостық университетінің» Басқарма төрайымы – Ректор, Майнюра Мурзамадиева бастады. Бақылаушы комиссия мүшелері ретінде «Мәдениет және спорт министрлігі - Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілі Айгүл Сақтағанова мен Түркістан облысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл департаменті «Түркістан - Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджері Нұржахан Абуова шақырылды. 

Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Ақ-Әділ  Алайдаров «Қабылдау науқаны - 2021» бойынша комиссия мүшелеріне статистикалық есебін берді. Атаулы гранттар «В005 – Дене шынықтыру пәні мұғалімдерін даярлау»  бойынша 197 талапкер грантқа түсуге өтініш білдірді. Жалпы грант саны 100, оның ішінде; 1 - жетім балалар және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар, 7 - кәмелетке толмаған төрт және одан көп бала тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар,  2 - кемінде үш жыл толық емес отбасы мәртебесі бар отбасылардағы балалар, 2 - Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын ұлты қазақ адамдар үшін, 1 - бала кезінен мүгедек балаларды, бірінші және екінші топтардағы мүгедектерді тәрбиелеп отырған отбасылардағы балалар, қалған 87 талапкер жалпы конкурс бойынша грант орындарын иеленді. «В091 - Туризм» және «В093 – Мейрамхана ісі және мейманхана бизнесі» білім беру бағдарламасы бойынша өтініш берген барлық 700 талапкерлер атаулы грант орындарын жеңіп алды.

Комиссия отырысының соңында «Мәдениет және спорт министрлігі - Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілі Айгүл Сақтағанова конкурстың әділ өтуінің маңыздылығын, конкурс нәтижесі университеттің ресми сайтында жариялау керектігін, сенім телефондардың барлығын атап өтті. Сонымен қатар, Халықаралық туризм және меймандостық университетіне жақсы сөздерін айтып, алдағы 2021-2022 оқу жылына жаңа белестерге жетуін тіледі.