
Бұқаралық және балалар спортын дамыту мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі 2025 жылға дейін Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасындағы Жол картасының 141-тармағын іске асыру шеңберінде ірі ауылдарды қамти отырып, балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі даярлығы клубтарының санын 1000-ға дейін жеткізетін болады.
Бүгінде Жол картасына сәйкес, Қостанай, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облысы мен Шымкент қаласында балалар мен жасөспірімдердің дене шынықтыру клубтары ашылып жатыр. Сонымен қатар Павлодар облысында балалар мен жасөспірімдер клубтарының саны 39-ға дейін көбейді. Еліміздегі 17 өңірдің 5-еуінде дене шынықтыру даярлығы бойынша балалар мен жасөспірімдер клубтарының саны артты. Мысалы, Қостанай облысы 53 клубқа дейін ұлғайтып, биылға арналған жоспарды артығымен орындады.
Енді жыл соңына дейін балалар мен жасөспірімдер дене даярлығы клубтарының саны тиісінше, еліміз бойынша 602 және 119 клубқа дейін жететін болады.
Бұған қоса, Мәдениет және спорт министрлігі 2025 жылға қарай балалар мен жасөспірімдер клубтарының санын 579-дан 718-ге дейін және балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі даярлығының клубтарының санын 107-ден 282-ге дейін арттыруды жоспарлап отыр.