Токиода жазғы Паралимпиада басталды

Токиода жазғы Паралимпиада басталды

Бүгін Жапония ұлттық стадионында XVI жазғы Паралимпиаданың ресми ашылу рәсімі өтті.

Әуелі паралимпия ойындарын қабылдап жатқан Жапония елінің туы көтеріліп, әнұраны шырқалды. Осыдан кейін кішігірім қойылым көрсетіліп, құрамалар шеруі болды.

Жалпы 163 елдің арасында Қазақстан делегациясы 37-ші болып шықты. Көк байрағымызды таеквондодан екі дүркін Әлем чемпионы, үш дүркін Азия чемпионы, Еуропа чемпионатының үш дүркін жеңімпазы Нұрлан Домбаев пен пауэрлифтингтен Рио Паралимпиадасының күміс жүлдегері Раушан Қойшыбаева ұстады.  

Биыл Қазақстан делегациясы өз тарихында жазғы Паралимпиадаға ең көп көп спортшы апарды. 26 отандасымыз 7 спорт түрінен жүлде үшін бәсекеде түседі. Оның ішінде ең көп спортшы суда жүзу мен дзюдодан (7 спортшы). Сонымен қатар еліміздің спортшылары алғаш рет параканоэ мен паранысана көздеуден жолдама иеленді.

Бүгін Токио төрінде жазғы Паралимпиада тарихында екі бірдей рекорд тіркелді. Алғашқысы, төрт жылдықтың басты додасында 4 403 спортшы (2550 еркек / 1853 әйел) бақ сынайды. Олар 22 спорт түріндегі 23 бағдарламада (велоспорт тас жол мен трек болып екіге бөлінген) 539 жүлде жиынтығын сарапқа салады. Алдыңғы үздік көрсеткіш осыдан бес жыл бұрын Риода тіркелген. Рио-2016-да 4 328 атлет бас қосқан еді.

Екіншісі, бұл Паралимпиадаға 1853 әйел спортшы келді дегенді жоғарыда айттық. Бұл бес жыл бұрын Бразилияда тіркелген алдыңғы үздік көрсеткіштен, яғни 1671 спортыдан 10,9%-ға артық.

Бұл дүбірлі доданы қабылдайтын Жапония атынан 23 бағдарламада 254 спортшы сынға түседі. Бұл Рио-2016-дағы нәтижеме салыстырғанда екі есе көп (132 спортшы). Екінші орында Қытай (248 спортшы/21 бағдарлама), үшінші – Ресей Паралимпиада комитеті (243 спортшы/20 бағдарлама), төртінші – АҚШ (235 спортшы /20 бағдарлама), бесінші – Бразилия (234 спортшы/21 бағдарлама).

Айта кетейік, қазақстандық спортшылар қатысатын спорт түрін «Қазспорт» арнасы тікелей эфирде көрсетеді.

Токио Олимпиадасында жарысқа қатысатын қазақстандықтар спортшылар:

Пара суда жүзу - Сиязбек Далиев, Нұрәли Советханов, Зүлфия Ғабидулина, Роман Агалаков, Әлия Рахымбекова, Нұрдәулет Жұмағали, Ержан Сәлімгереев;

Парадзюдо – Аманжол Жанбота, Зарина Байбатина, Дәулет Теміржан, Даяна Федосова, Әнуар Сариев, Ғалымжан Смағұлұлы, Ерлан Өтепов;

Парапауэрлифтинг – Раушан Қойшыбаева, Давид Дегтерев, Рахмеджан Хамаев, Гүлбану Әбдіхалықова, Алина Солодухина;

Паратаеквондо – Нұрлан Домбаев, Нышан Өмірәлі, Кәмиля Досмалова;

Пара жеңіл атлетика – Дастан Мұқашбеков, Салтанат Әбілхасымқызы;

Пара каноэ – Бейбарыс Спатай;

Пара нысана ату – Айсұлу Жұмабаева.