
Nur-Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» 104-тармағын іске асыру шеңберінде биыл қолданбалы ғылыми зерттеулер мен археология ісін жүзеге асыру бойынша кешенді жұмыс басталды. Осы жылға арналған жоспарға сәйкес, республикалық және жергілікті деңгейдегі 59 объектіде зерттеу жүргізу көзделген. Оның ішінде 15 нысан республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылып жатыр.
Әуелі сәуір айынан бастап «Ақтерек» шатқалындағы нысандарда жұмыс қарқын алды. Зерттеу нысандары: тарихи және әлеуметтік топография, шатқал қорғандары мен қоныстарының сәулеттік құрылыстары, Жетісу тұрғындарының материалдық мәдениетінің ерекшеліктері, хронологиялық атрибуция анықтамасы және т.б. Жұмыс барысында шатқалдан петроглифтер көптеп салынған арнайы кешен табылды.
Ал шілде-тамыз айларында Бытығай, Сарайшық, Ботай, Бозоқ, Есік, Рахат және т.б. қалашықтарда археология жұмыс жүргізілді. Археология жұмысының барысында Бытығай қалашығынан кірпіш күйдіру пеші (нақты қай кезеңге жататыны енді анықталады) мен шамамен 700 жыл бұрын сұйықтық толтырылған ыдыс табылды. Табылған артефактілер сараптамаға жіберілді. Барлық нысан бойынша негізінен дайындық жұмысы және құжаттарды алдын ала зерттеу жүргізілуде.
Бұдан бөлек еліміздегі жер асты мешіттері мен қылует жер асты мешітін зерттеуге арналған бірқатар қолданбалы зерттеу жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ қазақ халқының салт-дәстүрлерін зерттеу бойынша ғылыми жұмыс кең етек алып келеді. Бұл мақсатта алдымен ел арасынан ақпарат жинау үшін Ақмола, Қарағанды облысына экспедициялар ұйымдастырылды.