Ақтоты Райымқұлова Шанхай Ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің мәдениет министрлерінің Кеңесіне қатысты

Ақтоты Райымқұлова Шанхай Ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің мәдениет министрлерінің Кеңесіне қатысты

Бүгін онлайн форматта Шанхай Ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің мәдениет министрлерінің XVIII кеңесі өтті. Басқосу Тәжікстан Республикасының Мәдениет министрі Зульфия Давалатзоданың жетекшілігімен өтті.

Кеңеске Шанхай Ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Владимир Норов, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Үндістанның Мәдениет министрі Арджун Рам Мегхвал, Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Чжан Сюй, Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Қайрат Иманалиев, Пәкістан Ислам Республикасының Ұлттық мұра және мәдениет министрі Шафкат Махмуд, Ресей Федерациясы Мәдениет министрінің орынбасары Ольга Ярилова, Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі Озодбек Назарбеков қатысты.

Жиын барысында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі сөз сөйледі.

«Халықаралық озық тәжірибелерге сүйене отырып, мәдениет ұлттық басымдықтар дәрежесіне көтеріліп, өмір сүру деңгейінің артқанын танытатын маңызды факторға айналуға тиіс екенін түсінеміз.

Ұлттық тарихты қайта ойлаудағы ұлттың бірлігі, жалпы жұртшылықты бірыңғай құндылық бағдарлары төңірегіндегі тарихи-мәдени дискурсқа тарту және ұлттық бірегейлікті сақтау ұлттың «идеологиялық иммунитетін» қалыптастыруға ықпал етеді.

Бүкіл әлем бойынша дамыған елдер ұлттық деңгейде мемлекеттік мәдени саясат саласындағы стратегиялық құжаттарды іске асырады. ЮНЕСКО индикаторларының жүйесі, креативті индустрияларды дамыту, белсенді цифрландыру және саланың әлеуметтік-идеологиялық миссиясы мәдениет саласындағы мемлекеттік стратегиялардың негізгі біріктіруші элемент.

Осыған байланысты, Қазақстан Үкіметі халықтың барлық тобын, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қамтитын жаңа қолдау шаралары мен жұмыс нысандарын енгізді.

Пандемияға қарамастан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша былтыр 1 қаңтардан бастап мәдениет ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы 50% және 35%-ға артты. Сонымен қатар қиын кезеңде мәдениет қызметкерлерін қолдау бойынша басқа да шаралар қабылданды. Олар: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы стипендиясын ұлғайту, әдебиет пен өнер саласындағы 2020 жылғы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын беру, 5 республикалық мәдениет ұйымына «Ұлттық» мәртебесін беру, балет әртістеріне ай сайынғы арнайы ақшалай төлемдер белгілеу және т. б.

Концерт ұйымдарының, театрлардың, киностудиялардың, мұражайлардың, мұражай-қорықтардың және кітапханалардың қорларын цифрлау жұмысының арқасында қазақстандықтарға үйде отырып, уақытты пайдалы әрі қызық өткізуге мүмкіндік туды.

Еліміздің жетекші музейлері, кітапханалары, театрлары, концерт ұйымдары тақырыптық дәрістердің, семинарлардың, көрмелердің, концерттердің, спектакльдердің тегін интернет-трансляцияларын, отандық фильмдердің көрсетілімдерін, танымал мұражайлар мен туристік бағыттар бойынша 3Д-турлар өткізеді. Сондай-ақ есту қабілеті нашар адамдар үшін арнайы бейне-экскурсиялар көзделген.

Жалпы алғанда іске қосылған көптеген онлайн және оффлайн жоба 100 млн. астам көрсетілім жинады және біздің республикамыздың ғана емес, шет ел азаматтарына интернетте қол жетімді. Оларды әрбірі біздің еліміздің бай тарихи-мәдени мұрасымен таныса алады.

Ұлы ақын және жырау Жамбыл Жабаевтың туғанына 175 жыл толуына орай мемлекеттік және халықаралық деңгейде түрлі ауқымды іс-шаралар өткізіледі.

Мерекелер көрші бауырлас мемлекеттерде де өтеді. Биыл тамызда Қырғыз Республикасында ақындар айтысы, шығармашылық ұжымдар мен жеке орындаушылардың қатысуымен Жамбыл мерейтойының үлкен мерекесі өтеді. Сондай-ақ, үлкен мереке ТҮРКСОЙ бағыты бойынша өтуде.

Мәдени өзара іс-қимылдың тағы бір сәтті тәжірибесі – Мәдениет күндерін ұйымдастыру.

15-22 қазан аралығында Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстандағы Ресейдің Мәдениет күндері өтеді. Мәдениет күндері аясында Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Вологда мемлекеттік тарихи-сәулет және өнер мұражай-қорығының «Вологда шілтері» көрмесін өткізу жоспарлануда.

15 қазанда «Қазақстан» орталық концерт залында ресейлік солистердің (З.Гугкаев – дирижер, А. Аглатов – сопрано, П. Шамаев – меццо-сопрано, А. Яковлев – тенор және т.б.) және Қазақ мемлекеттік симфониялық оркестрінің қатысуымен Гала-концерт өткізу жоспарда бар.

Сонымен қатар биыл қыркүйекте Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында Қазақстанның Мәдениет күндері өтеді. Оның аясында кино күндерін, көрме, гала концерт, «Абай» операсының қойылымын және т. б. ұйымдастыру жоспарланған. Бұл тәжірибені пандемиядан кейін жағдай тұрақтанған соң жалғастыру қажет.

Ресей мемлекеттік фильмдер қорында сақтаулы тұрған отандық фильмдерді цифрлау. Алдағы уақытта жыл сайын жеңілдетілген негізде 5 фильмді цифрландыру мәселесін пысықтау ойда бар.

Сонымен қатар қазіргі уақытта Қазақстанда дәстүрлі басқару жүйесінен мемлекеттік сектордағы жобалық жүйеге көшу жүріп жатыр.

Мұндай жағдайларда іс жүзінде әрбір мемлекет ұлттық сәйкестендіру мен мәдени өзіндік ерекшеліктің негізін қалайтын база саналатын өзіндік мәдени мұраны дамытуға ерекше назар аударады. Қазақстанның бұл тұрғыда елдің мәдени әлеуетін оның барлық алуан түрлілігінде табысты дамытудың бірегей тәжірибесі бар. Ұлттық-мәдени бірегейлікті сақтау, бәсекеге қабілетті мәдени ділді қалыптастыру, мәдени өнімдердің сапасы мен алуан түрлілігін арттыру жөніндегі арнайы ұлттық жобаны әзірлеу – «Ұлттық рухани жаңғыру» (мемлекет Басшысының бастамасы бойынша) ерекше мақтаныш сезімін тудырады.

2025 жылға дейін мынадай нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу жоспарланып отыр: мектеп жасындағы балаларды 100%-ға дейін мәдени тәрбиемен қамту, 50 мәдениет объектісін салу және 250 объектіні жөндеу, 8 визит-орталық салу, бірыңғай электронды платформа құру және оның жұмыс істеуі «e-culture.kz» бүкіл әлем бойынша 50 000 млн келушілерді қамти отырып, 40 жаңа отандық анимациялық фильм жасау, қазақстандық кинопрокаттағы отандық фильмдердің үлесін 25%-ға дейін арттыру, 150 қолдау тапқан шығармашылық жобаларды іске асыру.

Сонымен қатар, қазіргі қоғамда жаңа шығармашылық экономиканың қалыптасуы мәдени өрістің шекарасын едәуір кеңейтеді. Технологиялар мен коммуникациялардың дамуы, өнердегі жаңа жанрлық жүйелердің пайда болуы халықтың зияткерлік, рухани және ақпараттық қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында қызметтерді ілгерілетуге бағытталған бизнес қауымдастығын тартады.

Шынында да, бүгін біздің саланың сыртқы консерватизміне қарамастан, барлық мәдени өнімнің өзіндік электронды аналогы бар, саланың барлық қызметі интернет арқылы қол жетімді болады.

Мәдени индустрияның толыққанды сегментін қалыптастыру – таяу болашақтағы іс. Ең алдымен, бұл үшін стандартты емес шешімдерді жүзеге асыра алатын, жаңа технологияларды енгізе алатын менеджерлердің жаңа тобын қалыптастыру қажет.

Мемлекет өз тарапынан инновациялық салаға барынша қолдау көрсететін болады. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Үкіметі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша креативті индустрияларды дамытудың кешенді шараларын әзірлеуде. Жақын арада осы бағыттағы мемлекетаралық өзара іс - қимылға, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыруға үміттенеміз», - деді Ақтоты Райымқұлова өз баяндамасында.

Осыдан кейін ол одан әрі ынтымақтастық бойынша кейбір ұсыныстарды айтты.

«Қазақстан Республикасы ғылыми-реставрациялау жұмысын, қолөнер ісін жүзеге асыру бойынша тәжірибе алмасу мақсатында Түркістан қаласындағы Халықаралық Туризм және қонақжайлылық университетінің базасында осы саланың мамандары мен студенттері үшін шеберлік сабақтарын өткізуді ұсынады.

Жақын арада Қазақстан ғылыми-реставрациялау жұмысы, қолөнер ісі кафедрасын ашуға ниетті. Онда өз ісінің үздік шеберлері сабақ беретін болады. Қазақстан Өзбекстанның оқу орындарымен ынтымақтасуға дайын және Өзбекстан үкіметінен бұл мәселеде көмек көрсетуді сұрайды.

Сонымен қатар «Кинематография туралы» Заң шеңберінде Қазақстан аумағында киножобалар өндірісіне салынған қаражаттың 30% -ын қайтару бойынша «Рибейт» жаңа тетігі іске қосылғанын атап өткім келеді. Бұл мемлекетаралық өзара іс-қимылдың тағы бір бағыты болуы мүмкін. Бүгінгі таңда Ресеймен («Шаман») және Франциямен («Инфинити») бірлескен киножобасы сәтті жүзеге асырылды. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ШЫҰ елдерінің кинематографистерін Қазақстанда өздерінің немесе бірлескен жобаларын іске асыруға шақырамыз», -деді Ақтоты Райымқұлова.

Кеңес барысында Шанхай ынтымақтастық ұймына мүше мемлекеттердің мәдениет министрлері ынтымақтастықтың жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады. Ұйымғаға мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы мәдениет саласындағы келісімнің (Бішкек қ., 2007 жылғы 16 тамыз) және мәдениет министрлерінің өткен кеңестеріндегі уағдаластықтардың орындалуы туралы пікір алмасты.

Тараптар халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға, мәдениеттердің алуан түрлілігін сақтауға, өзара сыйластыққа, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы кеңістігінде тұратын халықтардың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары туралы білімді таратуға ықпал ететін ұйым шеңберінде көпжақты және екіжақты мәдени байланыстарды одан әрі дамытуға қолдау білдірді.

Осыдан кейін ұйымға мүше мемлекеттің министрлері сөз сөйледі.

- Үндістан Республикасының Мәдениет министрі;

- Қытай Халық Республикасының Мәдениет және туризм министрі;

- Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат және спорт министрі;

- Пәкістан Ислам Республикасының Ұлттық тарих және әдеби мұра министрі;

- Ресей Федерациясының Мәдениет министрі;

- Өзбекстан Республикасының Мәдениет министрі;

Сөз сөйлеу барысында ұйымға мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы мәдени мұра объектілерін қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бойынша ұстаным көрсетілді.

Айта кетейік, тараптар ұйымға мүше мемлекеттердің өнер фестивалінің Гала-концерті туралы ереже бойынша сөз сөйледі. Кеңеске қатысушылар жоғары және орта арнаулы мәдениет және өнер оқу орындары арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандумды талқыланды. ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өнер фестивалінің Гала-концерті туралы Ережеге, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына қатысушы елдердің мәдениет министрлері отырысының хаттамасына қол қойылды.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің мәдениет министрлерінің кезекті кеңесін 2022 жылы Өзбекстан Республикасында өткізу туралы ұсыныс бірауыздан қабылданды.