
Паратаеквондо биыл Паралимпиада бағдарламасына алғаш рет қосылған спорт түрі. Жалпы бұл спорт түрінің мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған нұсқасының толық қалыптасқанына көп бола қойған жоқ. 2005 жылдары ережесі бекітіліп, жүйеленсе, 2009 жылы жазда Әзірбайжан астанасы Бакуде паратаеквондодан бірінші Әлем чемпионаты өтті.
Паралимпиада бағдарламасындағы таеквондода екі дисциплина бар. Біріншісі, аяқ-қолы зақымданған жандар сынға түсетін – киоруги. Екіншісі, неврологиялық ауруға шалдыққан, ақыл-есі кем және көру қабілеті нашар спортшыларға арналған – пумсе. Токио төрінде паратеквондошылар тек киоруги санатында күш сынасады.
Бәсеке К41-ден К44-ке дейінгі 4 спорттық санатқа бөлінген. Ерлер (-61 кг, -75 кг және +75 кг), әйелдер (-49 кг, -58 кг және +58 кг) үш, жалпы алты салмақта жүлдеге таласады. Биыл гендерлік теңдікке байланысты салмақтар саны теңесіп отыр. Пара-атлеттер бас пен денеге арналған қорғаныш киімінсіз жекпе-жекке шықпайды.
Жекпе-жектер олимпия ойындары өткен дәл сол сегізбұрыш кортта, екі минуттан тұратын 3 раундтан өтеді. Әр раундтың арасында спортшыларға бір минуттық демалыс беріледі. Нәтижелі шабуыл екі мен төрт ұпайдың арасында бағаланады. Егер 3 раундтан кейін негізгі уақытта тең түссе, қосымша тағы бір раундта шеберлік байқасады.
Паралимпиададағы таеквондоның өзіне тән ерекшеліктері бар. Мәселен, аяқпен денеге (мойын мен белдің арасына) жасалаған соққылар ғана есепке алынады. Бастан тебуге тыйым салынған. Ондай жағдайда соққы жасаған спортшы ескерту алып, қарсыласқа бір ұпай беріледі.
Ұпай қалай есептеледі?
Ұпай беру 3-ке бөлінеді. Спортшы таза соққы үшін екі, 180 градусқа айналып жасаған соққы үшін үш, ал 360 градусқа айналып жасаған соққы үшін 4 ұпайға ие болады. Айта кетейік, ең жоғарғы 4 ұпайды есепке алу жайлы шешім 2017 жылы қабылданған.
Соққының болған-болмағанын электронды протектор арқылы анықтайды. Ол спортшының үстіндегі қорғаныш киіміне орнатылады.
17 тамызда Дүниежүзілік таеквондо федерациясы Паралимпиада қарсаңында 60-тан астам бапкер мен техникалық маманның басын қосып, халықаралық онлайн-семинар ұйымдастырды. Жиын барсында Дүниежүзілік таеквондо федерациясының президенті Чунгвона Чоу Ауғанстан құрамасының спортшылары келмейтінін айтты.
Келе жатқан Паралимпиадада 30 мемлекеттен келген 30 төреші (15 –ер, 15 – әйел) қызмет ететін болады. Бас-аяғы Токио даянгында 37 елдің 73 спортшысы жүлдеге таласады.
Қазақстан құрамасынан Паралимпиадаға баратын спортшылар:
1. Нұрлан Домбаев 1981 жылы 15 тамызда Атырау қаласында дүниеге келген. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 75 килоға дейінгі салмақта бақ сынайды. Жеке бапкері - Асан Қасаев.
Қазақстандық даянг шебері 2019 жылы Иорданияның Амман қаласында өткен Азия чемпионатында топ жарып, Паралимпиада ойындарының жолдамасына ие болды.
Екі дүркін Әлем чемпионы (Лондон, 2017 ж, Анталия, 2019 ж), үш дүркін Азия чемпионы (Чхунчхон 2017 ж, Хошимин, 2018 ж, Амман 2019 ж), IVАфрика ашық чемпионатының күміс жүлдегері (Хургада, 2019 ж), екі дүркін Еуропа чемпионы (Варшава 2016 ж, Бари 2019 ж).
2. Нышан Өмірәлі 1993 жылы 11 мамырда Жамбыл облысы Қаратау қаласында дүниеге келген. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері. 75 килодан жоғары салмақта өнер көрсетеді. Жеке бапкері - Нұржан Есілбаев.
Қазақстандық спортшы биыл Иордания астанасы Амманда өткен Азия квалификациялық турнирінде жеңімпаз атанып, Паралимпиадаға жолдама алды.
Әлем чемпионы (Мәскеу 2014 ж, Лондон 2017 ж), Әлем чемпионатының күміс жүлдегері (Самсун 2015 ж), Еуропа чемпионатының үш дүркін күміс жүлдегері (Анталия 2014, Кишинев 2015, Варшава 2016 ж), мүмкіндігі шектеулі жандар арасындағы Бүкіләлемдік ойындардың жеңімпазы (Сочи 2015 ж), Азия чемпионы (Манила 2016 ж), Халықаралық «Кристалл» Кубогының жеңімпазы (Екатеренбург 2016 ж), Азия чемпионатының күміс жүлдегері (Чхунчхон 2017 ж).
3. Кәмиля Досмалова 1992 жылы 11 тамызда Қызылорда облысы Арал қаласында дүниеге келген. Қазақстан Республикасының спорт шебері. 58 килоға дейінгі салмақта өнер көрсетеді. Жеке бапкері - Сұлтанмахмұт Шоқбытов.
Отандасымыз биыл 23 мамырда Иорданияда өткен құрлықтық іріктеу жарысында жолдамаға қол жеткізді.
Азия чемпионатының қола жүлдегері (Филлипин 2016 ж), Әлем чемпионатында бесінші орынға тұрақтады (Түркия 2019 ж), Қазақстан чемпионы (2019 ж).