Токио Олимпиадасының он алтыншы күніне шолу

Токио Олимпиадасының он алтыншы күніне шолу

7 тамыз. Бүгін Қазақстан спортшылары каратэ, еркін күрес, велотрек, жеңіл атлетика, бессайыс сынды спорт түрінен әлем атлеттерімен жүлдеге таласты. Нәтижесін назарларыңызға ұсынамыз.

Еркін күрес

65 килоға дейінгі салмақта Дәулет Ниязбеков сенегалдық Адама Диаттаны таза ұтып жұбаныш белдесуіне жолдама алған. Ал қола жүлде үшін таласта үндістандық Банджранг Пунияға қауқар таныта алмай, Олимпиаданы бесінші орында аяқтады.

Велотрек

Кейрин бағдарламасында сынға түскен Сергей Пономарев іріктеу кезеңінен өте алған жоқ. Ол жарыс барысында құлап қалып, турнирден шығып қалды. Бұған дейін Сергей спринтте, Артем Захаров омниум бойынша жарыс жолына шыққан еді.

Каратэ

Токио төрінде алғаш рет Олимпиада бағдарламасына кірген каратэ бәсекесі мәресіне жетті. Бүгін екі спортшымыз жарыс жолына шығып, каратэшілеріміз екінші қола жүлдесіне ие болды. 61 келіден жоғары салмақта кумите бағдарламасында сынға түскен Софья Берульцева жартылай финалда мысырлық Ферьял Абделазизге жол беріп, қола жүлдегер атанды.

Ал 75 келіден жоғары салмақта бақ сынаған Данияр Юлдашев топтық кезеңнен шыға алмады. А тобындағы германиялық Йонатан Хорнемен өткен алғашқы жекпе-жекте жеңімпаз анықталған жоқ. Өкінішке қарай осыдан кейін 24 жастағы каратэшіміз жапониялық Рютаро Арагадан, түркиялық Угур Акташтан, грузиялық Гогита Арканиядан ұтылып қалды. Айта кетейік, Токио Олимпиадасында ел намысын 5 каратэші қорғап, 2 қола жүлдеге ие болды.

Жеңіл атлетика

Әйелдер арасындағы марафонда Жанна Мамажанова 42 километр, 195 метр қашықтықты 2 сағат, 37 минут, 42 секундта жүгіріп өтіп, 46-шы орын алды.

Бессайыс

Ерлер арасында бәсекеге түскен Павел Ильяшенко бес бағдарлама қорытындысы бойынша 1328 ұпай жинап, 29-сатыға жайғасты. Кеше бұл спорт түріндегі тағы бір отандасымыз Елена Потапенко жарыс жолына шығып, 13-ші орын алған еді.

Қазақстан құрамасы 7 тамыздағы нәтиже бойынша 8 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 82-орын алды.