
6 тамыз. Бүгін спортшыларымыз байдарка мен каноэде ескек есу, еркін күрес, каратэ, көркем гимнастика, жеңіл атлетика, әйелдер күресі, қазіргі бессайыстан өнер көрсетті. Аталған бәсекелердегі қазақстандық спортшылардың нәтижесін назарларыңызға ұсынамыз.
Каноэ мен байдаркада ескек есу
Каноэде 1000 метрге жекелей ескек есуде Сергей Емельянов іріктеу кезеңінде төртінші орын алып, ширек финалға жолдама алды. Алайда бұл кезеңдегі төртінші орын Сергейге жартылай финалға шығуға мүмкіндік берген жоқ.
Сонымен қатар каноэде 500 метрге жұптық ескек есуде қазақстандық атлеттер жарыс жолына шықты. Маргарита Торлопова мен Светлана Усова іріктеуде бесінші орын алып (2 минут, 09.024 секунд) ширек финалға өткен. Жартылай финал бәсекесі үшін өткен жарыста Маргарита мен Светлана төртінші орын алып (2 минут, 06.0179 секунд) жүлдеге таластан сырт қалды. Ертең қазақстандық дуэт В тобының финалында 11-14 орындарды сарапқа салады.
Көркем гимнастика
Іріктеу кезеңінде бақ сынаған Алина Әділханова көпсайыс қорытындысы бойынша 83.800 ұпай жинап, 21-ші орынға тұрақтады. Өкінішке қарай, отандасымыз финалға шыға алмады. Жүлде үшін үздік нәтиже көрсеткен 10 атлет таласады.
Әйелдер күресі
Токио бозкілемінде 50 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Валентина Исламова алғашқы белдесуінде эквадорлық Лусия Ямилет Йепес Гусманнан ұтылып қалды. Есеп 6:9. Лусия Ямилет ширек финалда жапониялық балуанға жеңіліп қалғандықтан Валентина жұбаныш кездесуіне шықпайды.
Каратэ
Кумите бағдарламасында 75 келіге дейінгі салмақта В тобында өнер көрсеткен Нұрқанат Әжіқанов топтық кезеңнен ары аса алмады. Алғашқы жекпе-жегінде австралиялық Цунэари Яхиродан басым түскенімен екінші жекпе-жегінде германиялық Ноа Битчке есе жіберді. Осыдан кейін Нұрқанат үшінші мүмкіндігінде италиялық Луиджи Бусаны айқын басымдықпен ұтып, соңғы жекпе-жекте әзірбайжандық каратэшіге есе жіберіп алды. Еншісінде екі жеңіс пен екі жеңіліс бар 20 жастағы қазақстандық татами шебері қосымша көрсеткіштер бойынша топтан шыға алмады. Ертең қос каратэшіміз Данияр Юлдашев пен София Берульцева жүлде үшін таласады.
Еркін күрес
Бүгін Токио бозкілеміне шыққан екі балуанымыз ширек финалда сүрінді.
97 килоға дейінгі салмақтағы Әлішер Ерғалидің алғашқы белдесудегі қарсыласы алжирлік Мұхаммед Фардж бозкілемге шықпады. Алайда ширек финалдағы тартысты белдесуде түркиялық Сүлейман Караденизге 7:8 есебімен жол берді.
Ал 67 килоға дейінгі салмақтағы Дәулет Ниязбеков алғашқы жекпе-жегінде әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері кубалық Алехандро Вальдесті 21:11 есебімен жеңіп, кішігірім ерлік жасаған-ды. Бірақ ширек финалдағы белдесуде үш дүркін әлем чемпионы, Рио Олимпиадасының қола жүлдегері әзірбайжандық Нажи Алиевтен айласын асыра алмады.
Қазіргі бессайыс
Әйелдер арасындағы бәсекеде Елена Потапенко 1322 ұпай жинап, 36 атлеттің арасында 13-ші сатыға жайғасты.
Жеңіл атлетика
Айман Ратова 20 шақырымдық спорттық жүрісте 1:40,02 нәтиже көрсетіп, мәре сызығын 42-ші болып қиды. Отандасымыз жеңімпаздан 10 минут 50 секундқа қалып қойды.
6 тамыздағы нәтиже бойынша Қазақстан жалпыкомандалық есепте 7 қола медальмен 79-орында келе жатыр.