Токио Олимпиадасының он үшінші күніне шолу

Токио Олимпиадасының он үшінші күніне шолу

4 тамыз. Бүгін Қазақстан делегациясының өкілдері бокс, байдарка мен каноэде ескек есу, еркін күрес, велотректен сынға түсті. Аталған бәсекелердегі қазақстандық спортшылардың нәтижесі төмендегідей:

Бокс

Аса ауыр салмақта (+91кг) финалға берілер жолдама үшін күш сынасқан Қамшыбек Қоңқабаев америкалық Ричард Торрестен мерзімінен бұрын жеңіліп қалды. Шешуші үшінші раундта бокстан Қазақстан құрамасының капитаны жарақат алып, дәрігер жекпе-жекті тоқтатты. Енді Қамшыбек Қоңқабаев – Токио Олимпиадасының қола жүлдегері.

Төрт жылдықтың басты додасында осыған дейін отандасымыз 1/8-ші кезеңде мысырлық Юсри Хафезді, ширек финалда Ресей Олимпиада комитетінің өкілі Иван Верясовты сенімді ұтқан.  

Велотрек

Іріктеу кезеңінде жарыс жолына шыққан Сергей Пономарев 1/32 айналымға өте алған жоқ. Қазақстандық 30 спортшының ішінде 29-шы орынға тұрақтады. Келесі кезеңге 24 атлет өтті.

Еркін күрес

57 килода жүлдеге таласқан ақтөбелік балуан Нұрислам Санаев бірінші белдесуінде Гвинея және Бисау елінің палуаны Диамантину Иуна Фафені, ширек финалда жапониялық Юки Такахасиді тізе бүктірген еді. Өкінішке қарай ақтық сынға берілер жолдаманы үндістандық Рави Кумар Дахиямен сарапқа салып, тартысты белдесуде қарсыласына жол берді. Енді ертең Нұрислам жұбаныш жекпе-жегінде қола медаль үшін таласады.

Каноэ мен байдаркада ескек есу

Жарыс жолына шыққан қос спортшымыздың нәтижесі ұқсас болды.

Әйелдер арасында каноэмен 200 метрге жарысуда Маргарита Торлопова іріктеуде тиісті қашықтықты 49,721 уақытта бағындырып ширек финалға жолдама алғанымен бұл сында 7-ші орын алып (49,051 секунд) жартылай финалға шыға алмады.

Ал әйелдер арасында байдаркада 500 метрге жарыста Наталья Сергеева іріктеуде 7-ші орын алып (2 мин, 01.374 секунд), ширек финалға өткен. Алайда Наталья бұл сайыста 6-орынға тұрақтап, Олимпиаданы ерте аяқтады.

Қазақстан 4 тамыздағы нәтиже бойынша жалпыкомандалық есепте 4 қола жүлдемен 75-орында келе жатыр. Айта кетейік, осы уақытқа дейін 79 мемлекет жүлде алды.