
3 тамыз. Бүгін Қазақ елінің спортшылары гимнастика, каноэ мен байдаркада ескек есу, грек-рим күресі, бокс, құзға өрмелеу, синхронды (артистік) жүзуден жүлде үшін таласқа түсті. Нәтижелері төмендегідей:
Гимнастика
Милад Карими керме снарядында финалда бақ сынап, 11.266 ұпаймен сегізінші орын алып қалды. Айта кетейік, спортшымыздың бағдарламасы ең қиын бағдарлама қатарында еді. Милад жаттығуды орындау барысында екі рет құлап, аз ұпай жинады. Жас гимнаст осыған дейінгі еркін жаттығуда 5-ші, көпсайыс қорытындысы бойынша 14-ші орын алған.
Құзға өрмелеу
Бұл спорт түрінің комбинациялық бағдарламасының іріктеу кезеңінде отандасымыз Ришат Хайбуллин сынға түсті. 21 жастағы альпинист «жылдамдық», «боулдеринг», «қиындық» жаттығуы бойынша құзға өрмеледі.
Жылдамдық жаттығуында құздың басына 6.19 секундта көтеріліп, төртінші орын алса, боулдерингте 68.00 ұпай жинап, 8-сатыға жайғасты. Ал шешуші кезең «қиындықта» қолы тайып кетіп, құздың басына жете алмады. Жалпы үш жаттығудың нәтижесінде 884 ұпаймен 11-орын алды. Өкінішке қарай, Ришат финалға шыққан 8 атлеттің қатарына қосыла алмады. Жалпы іріктеуге 20 спортшы қатысты.
Синхронды (артистік) жүзу
Екінші – техникалық жаттығуда өнер көрсеткен Александра мен Екатерина Немичтер 83,23 ұпай алды. Ал еркін бағдарламаның нәтижесін қосқанда жалпы 167,1 ұпай жинады. Қазақстандық дуэт 21 құраманың ішінде 16-шы сатыға табан тіреді.
Бокс
Бүгін Рёгоку Кокугикан спорт сарайының рингіне екі былғары қолғап шеберіміз шығып, біреуі жартылай финалға жолдама алса, бірі Олимпиаданы аяқтады. 52 килода бақ сынап жатқан Сәкен Бибосынов испаниялық Габриэль Эскобар-Маскунаноны 3:2 есебімен ұтып, кемі қола жүлдені қоржынға салды. Өкінішке қарай, 63 килодағы Зәкір Сафиуллин австралиялық Гарри Гарсайдқа тартысты жекпе-жекте 2:3 есебімен жол берді.
Грек-рим күресі
Нұрсұлтан Тұрсынов (87 кг) Токио Олимпиадасындағы бірінші кездесуінде Рио Олимпиадасының қола жүлдегері германиялық Денис Кудладан айласын асыра алмады. Есеп 4:1. Айта кетейік, осыған дейін бозкілемге шыққан отандық екі грек-рим күресінің шебері де алғашқы белдесуде қарсыласқа жол берген. Ертеңнан бастап еркін және әйелдер күресінің балуандары сынға түседі.
Байдарка мен каноэда ескек есу
Кеше 1000 метр қашықтықта жартылай финалға шыға алмаған Сергей мен Тимофей Емельяновтар B тобындағы финалда күш сынасты. Ағайынды спортшылар жарыс қорытындысы бойынша 3:32.873 нәтиже көрсетіп, төртінші орынға жайғасты. Ал қорытынды есепте 12-орын алды.
3 тамыздағы нәтиже бойынша Қазақстан жалпы есепте 3 қола медальмен 75-ші сатыға ығысты.