
1 тамыз. Бүгін Қазақстан спортшылары бокс, күрес, спорттық гимнастика және жеңіл атлетикадан жарыс жолына шықты.
Күрес түрлері
Бұл спорт түрінен бозкілемге шыққан қос балуанымыз да 1/8 кезеңде қырғыз атлеттеріне жол берді. 60 килода белдескен Мейрамбек Айнағұлов Жоламан Сәрсенбековтен (0:8) таза жеңілсе, әйелдер арасында 76 келіге дейінгі салмақтағы Эльмира Сыздықова Айпері Медетқызынан (2:8) ұтылып қалды.
Жеңіл атлетика
400 метр қашықтыққа жүгіруден Михаил Литвин іріктеуде өз тобында соңғы орын алып, жартылай финалға шыға алмады. Нәтижесі – 47:15. Айта кетейік, жартылай финалға өз тобында үздік нәтиже көрсеткен 3 спортшыдан шығады.
Спорттық гимнастика
Жекелеген снарядтың ақтық кезеңінде Милад Карими 14,133 ұпай жинап, жалпы есепте бесінші сатыға жайғасты. Айта кетейік, Милад Карими – еркін жаттығу бойынша Олимпиадаларда үздік бестікке енген бірінші қазақстандық гимнаст. Ертеректе Милад көпсайыс қорытындысы бойынша 14-ші орын алған еді. Енді Карими гимнастикалық керме бойынша Олимпиада жүлдесіне таласады.
Бокс
75 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасатын Әбілхан Аманқұл бразилиялық Эберт да Консейсан Соузадан жеңіліп, жартылай финалға өте алмаса, аса ауыр салмақта (+91кг) ел намысын қорғайтын Қамшыбек Қоңқабаев Ресей Олимпиада комитетінің өкілі Иван Верясовты таза ұтты. Енді бокстан Қазақстан құрамасының капитаны жартылай финалда америкалық боксшы Ричард Торреспен кім мықтыны анықтайды.
Бүгінгі көрсеткіш бойынша Қазақстан 3 қола медальмен 68-орында келе жатыр.