Golden Time Talent халықаралық фестивалінің жеңімпаздары еліміздің Токио Олимпиадасындағы мәдениет бойынша Амбассадоры

Golden Time Talent халықаралық фестивалінің жеңімпаздары еліміздің Токио Олимпиадасындағы мәдениет бойынша Амбассадоры

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі жыл сайын «Халықаралық конкурстарда қазақстандық орындаушылардың қатысуын қамтамасыз ету және жас таланттар мен жетекші орындаушылардың әлемнің үздік залдарында өнер көрсетуі» бағдарламасы аясында әлемге жаңа дарындарды таныстырып отырады.

Бағдарламаның басты мақсаты - ұлттық мәдениетті насихаттау және еліміздің оң имиджін қалыптастыру. Мемлекет жас дарындарды қолдай отырып, талантты ұрпақтың дамуына үлес қосады және өз кәсіби шеберлігін, әлемдік аренада өнер көрсету тәжірибесін  шыңдауға мүмкіндік береді.

Осынау бағдарлама аясында жас дарындар, Temirlan & Yernat домбырашылар дуэті ретінде әлемге танымал болып жүрген дәулескер домбырашылар Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз 26-29 шілде аралығында Анталия қаласында (Түркия) өткен Need for fest халықаралық фестиваліне қатысты.

Домбырашылар көрерменнің жүрек қылын шертіп, ерекше әсер сыйлады. Танымал композитор Антонио Вивальдидің барокко стиліндегі шоқтығы биік «Жыл мезгілдері» топтамасындағы «Жаз» шығармасын өңдеп, атақты Паганинидің «Капри 24» шығармасын, сонымен қатар өздерінің «Бастау», «Шың» атты шығармасын қоңыр домбырамен орындап, халқымыздың киелі аспабымен тәнті етті. Олардың музыкалық талмас ізденістері арқасында қол жеткізген жетістіктері мол. Golden Time Talent халықаралық фестивалінің жеңімпаздары еліміздің Токио Олимпиадасындағы мәдениет бойынша Амбассадоры атанғанын атап кеткеніміз жөн. 

Айта кетейік, осы жылдың мамыр айында Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрі Ақтоты Райымқұлова «Темірлан-Ернат» домбырашылар дуэтін қабылдап, Лондонда өткен дəстүрлі Golden Time Talent халықаралық фестивалінде жеңіске жетуімен құттықтап, музыкада өзіндік жолын қалыптастырып келе жатқан жас дуэтті қолдауға дайын екенін атап өткен болатын.