Олимпия ойындарының алтыншы күніне шолу

Олимпия ойындарының алтыншы күніне шолу

28 шілде. Бүгін еліміздің спортшылары велоспорт, бокс, дзюдо, садақ ату, теннис, суда жүзу сынды спорттан күш сынасты. Нәтижелерін назарларыңызға ұсынамыз.

Бокс

Бұл спорт түрінен рингке шыққан үш былғары қолғап шеберіміздің жолы болмады. Алғашқы жекпе-жегіне шыққан әйелдер құрамасының жалғыз өкілі Надежда Рябец канадалық Таммара Тибоға (1:4), 81 килодағы фавориттің бірі Бекзат Нұрдәулетов Ресей Олимпиада комитетінің өкілі Имам Хатаевқа (1:4) жеңіліп қалды. Ал 57 килодағы Серік Теміржанов екінші кездесінуде америкалық Герцог Рэганнан (0:5) оңбай ұтылды.

Садақ ату

Жекелей сында бақ сынаған Санжар Мұсаев бірінші айналымда, яғни 1/32-де қытайлық Дапэн Ваннан ұтылып қалды. Қорытынды есеп 4:6. Ертең тағы бір отандасымыз Ильфат Абдуллин өнер көрсетеді.  

Дзюдо

Бүгін Токио татамиіне соңғы дзюдошымыз шықты. 91 келіде ел намысын қорғайтын Ислам Бозбаев бірінші айналымда бразилиялық Рафаель Маседоның жауырынын жер тигізгенімен, екінші кезеңде тартысты белдесуде әзірбайжандық Мамадәлі Мехдиевке есе жіберіп қойды. Қосымша уақыттың алтыншы минутында әзірбайжандық «ваз-зари» ұпайымен Исламды жүлде жолынан ығыстырды.

Осымен отандық татами шеберлері үшін Олимпиада аяқталды. Дзюдодан Қазақстан құрамасының еншісінде бір қола жүлде бар. Ел қоржынына қола жүлдені Елдос Сметов салған еді.

Теннис

Елена Рыбакина әлемнің бұрынғы бірінші ракеткасы (2017 жылы) испаниялық Гарбинье Мугуруса Бланкодан екі сетте 7:5, 6:1 есебімен басым түсіп, жартылай финалға шықты. Енді Қазақстанның бірінші ракеткасы швейцариялық Белинда Бенчичпен ақтық сынға берілер жолдамаға таласады.

Сонымен қатар аралас жұптық сайыстың алғашқы кезеңінде кортқа шыққан Ярослава Шведова мен Андрей Голубев жапониялық Эна Шибахара және Бен Маклакланнан ұтылып қалды. Қорытынды есеп 3:6, 6:7.

Велоспорт

Алексей Луценко жекелей сын қорытындысы бойынша 32-ші орыннан көрінді. Ол 44,2 шақырымды бір сағат, екі минут, жиырма секундта жүріп өтті. Бұл бағдарламада словениялық Примоз Роглик чемпион атанса, күміс Нидерланд өкілі Том Думулинге, қола австралиялық Рохан Денниске бұйырды.

Суда жүзу

Дмитрий Баландин 200 метрге брасс әдісімен жүзуден финалға шыға алмай қалды. Жетінші сатыға жайғасқан отандасымыздың нәтижесі 2:09.22.  

Спорттық гимнастика

Милад Карими көпсайыс, еркін жаттығу және кермедегі жаттығудың ақтық сынында өнер көрсетті. Көпсайыстағы алғашқы жаттығуды шығыршықта орындап, 12.866 ұпай жинаса, қол тіреп секіруден 14.066,  қоссырықтағы жаттығудан 13.966 ұпай алды. Кермедегі жаттығуда 13.333 ұпай еншілесе, еркін жаттығуда 15.055 ұпайға қол жеткізді. Ат снарядындағы жаттығуы үшін 13.266 ұпай, ал жалпы 82.530 ұпай жинап, қорытынды есепте 14-ші орынға жайғасты.

Қазір Қазақстан құрамасы 3 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 52-орынға түсіп қалды.