Олимпиаданың бесінші күніне шолу

Олимпиаданың бесінші күніне шолу

27 шілде. Қазақстандық атлеттер су добы, бокс, дзюдо, суда жүзу, садақ ату, теннис, таеквондо сынды спорт түрінен жарыс жолына шықты. Назарларыңызға тәуліктегі спортшыларымыздың нәтижесін ұсынамыз.

Дзюдо

81 килода өнер көрсететін Дидар Хамза Олимпиададағы алғашқы белдесуінде моңғолиялық Саид Моллаидан иппон әдісімен жеңілді.

Таеквондо

Жансель Дениз олимпия ойындарындағы алғашқы жекпе-жегінде өзбекстандық Светлана Осиповадан 10:9 есебімен басым түскенімен ширек финалда ағылшын Бьянка Уокденнен ұтылды. Ұлыбританиялық финалға шыға алмағандықтан Жансель қола медаль үшін күресу мүмкіндігінен айырылды.

Ерлер арасында Руслан Жапаров әуелі германиялық Александр Бахманды (11:7) жарыс жолынан тайдырды. Алайда ширек финалда оңтүстік кореялық Ин Кё-Доннан ірі есеппен ұтылып қалды. Жартылай финалда Ин Кё-Дон қарсыласына жол бергендіктен Руслан үшінші орын үшін таласқа араласа алған жоқ.

Садақ ату  

Денис Ганькин жекелей сынның бірінші айналымында мысырлық Юссоф Толбадан (6:4) мықты екенін дәлелдеді. Алайда екінші кезеңде италиялық Мауро Несполиге 6:2 есебімен жол берді.

Бокс

Бұл спорт түрінен рингке шыққан қос былғары қолғап шеберіміздің алғашқы қадамы сәтсіз болды. 69 келідегі Абылайхан Жүсіпов 1/8 кезеңде америкалық Деланте Джонсонға, тәжірибелі Василий Левит испаниялық Эммануэль Рейеске есе жіберді.

Суда жүзу

200 метрге брасс әдісімен жүзуден ширек финалда Дмитрий Баландин өз тобында төртінші орын алып, үздік 15 спортшының қатарынан көрінді. Бұл спортшылар ертең жартылай финалда ақтық сын жолдамасын сарапқа салады.

Теннис

Ерлер арасындағы еліміздің жалғыз өкілі Михаил Кукушкин екінші айналымда Беларусь теннисшісі Илья Ивашкодан жеңілсе, әйелдер арасында Қазақстан құрамасы сапынан жарысты жалғастырып жатқан жалғыз спортшымыз Елена Рыбакина хорватиялық Донна Векичті сенімді ұтып келесі кезеңге өтті. Енді Олимпиадада жүлдеге таласатын спортшымыз Елена ғана.

Су добы

Қазақстан құрамасы екінші ойында қатарынан ірі есеппен ұтылды. Бұл жолы ватерполшыларымыз сербиялықтарға 19:5 есебімен жол берді. Алғашқы ойында Хорватияға (23:7) қауқар таныта алмаған еді.