Ел қоржынына екінші медаль түсті - Токио Олимпиадасының үшінші күніне шолу

Ел қоржынына екінші медаль түсті - Токио Олимпиадасының үшінші күніне шолу

25 шілде. Бүгін Қазақ елінің атлеттері суда жүзу, бокс, дзюдо, су добы (ватерпол), академиялық ескек есу, слаломды ескек есу, теннис, ауыр атлетика, стенд ату, үстел тенннисі, семсерлесу, оқ ату сынды жалпы 12 спорт түрінде жүлдеге таласты. Назарларыңызға ұлттық құрама өкілдерінің осы бәсекелердегі нәтижесін ұсынамыз.

Дзюдо

Бірінші айналымда әзірбайжандық қарсыласы Орхан Сапаровты қосымша уақытта жеңген 66 килодағы Ерлан Серікжанов келесі кезеңде италиялық Мануэль Ломбардоға жол берді. Жолдама тағдырын соңғы секундтардары ваза-ари ұпайы шешті.

Ауыр атлетика

Бұл спорт түрінен ерлер арасындағы жалғыз өкіліміз Игорь Сон 61 килода қола жүлдеге ие болды. Екі жаттығудың қорытындысы бойынша Игорь 294 килограммды еңсерді. Бұл Қазақстан құрамасының еншісіне түскен екінші медаль.

Үстел тенннисі

Ерлер арасындағы жалғыз атлет Кирилл Герасименко екінші айналымда тартысты ойында чехиялық Любимир Янчаржикті жеңді. Айта кетейік тағы бір отандасымыз Анастасия Лаврова испаниялық тенннисшіге есе жіберіп, Олимпиаданы аяқтады.

Семсерлесу

Руслан Құрбанов семсерлесуден 1/16 айналымда жапониялық Ямада Масаруға жол берді (15:8). Ал алғашқы сайыста Руслан италиялық спортшыдан басым түскен-ді.

Бокс

Токио шаршы алаңындағы 63 келідегі алғашқы жекпе-жегінде Зәкір Сафиуллин перулік Леодан Сабоя Пезомен жұдырықтасып, басым түсті. Енді Зәкір келесі кезеңде жапониялық Дайсуке Наримацумен жолығады.

Теннис

Токиодағы «Ариакэ» теннис саябағында үлкен теннистен Олимпиада бәсекесі жалғасып жатыр.

Юлия Путинцева мен аргентиналық Надя Подороська арасындағы ойында отандасымыз жарақат алып ойынды жалғастыра алмады. Бірінші сетте аргентиналық (7:6) басым түскен еді. Алайда екінші сетте Юлия Путинцева есепте алда келе жатқан (3:1). Бір жарым сағатқа созылған ойын біз үшін күтпеген жерден сәтсіз аяқталып, тағы бір теннисшіміз Олимпиада бәсекесінен шет қалды. Сонымен қатар командамыздың тәжірибелі өкілі Ярослава Шведова да бірінші кезеңді австралиялық Айла Томляновичпен болған ойынның екінші сетінде жарақатына байланысты кездесуді жалғастырудан бас тартты.

Ал Михаил Кукушкин бірінші кезеңде аргентиналық Федерико Кориямен кездесіп, екі сетке созылған матчта 7:6, 7:5 есебімен жеңіске жетті.

Стенд ату

Бүгін скит бағдарламасында әйелдер арасындағы іріктеудің алғашқы айналымда Әсем Орынбай мен Зоя Кравченко ақтық сынға жолдама ала алмады. Жарыс жолына шыққан 28 спортшының арасында Әсем Орынбай 69 ұпай жинап, 19-орын алса, Зоя Кравченко 68 ұпаймен 22-сатыға жайғасты.

Жалпы есепте 75 ұпай жинаған италиялық Диана Бакози топ жарса, қытайлық Мэн Вэй – екінші (75 ұпай), америкалық Остин Джуэлл Смит – үшінші (73), Ресей Олимпиада комитетінің атынан сынға түскен Наталья Виноградова – төртінші (73), тайландтық Исарапа Импрасерцук – бесінші (72), франциялық Люси Анастассиу – алтыншы орыннан көрінді. Іріктеуде үздік нәтиже көрсеткен 6 спортшы финалға жолдама алды.

Оқ ату

«Асака» кешенінде 10 метрден пневматикалық мылтықтан нысана көздеуден ерлер арасындағы іріктеу кезеңі мәресіне жетті. Жарыс жолына шыққан қазақстандық Юрий Юрков 47 спортшының ішінен 621,9 ұпай жинап, 36-орын алды. Өкінішке қарай Юрий ақтық сынға өте алмады. Енді жүлде үшін үздік сезіндікке енген мергендер таласады. Қытайлық Хаоран Ян бірінші (632,5), америкалық Лукас Козенецкий (631), Уильям Шейнер (630) үштікті түйіндеді.

Су добы

Су добынан Қазақстан командасы топтық кезеңдегі алғашқы ойында Хорватиядан 7:23 есебімен жеңіліп қалды. Енді 27 шілдеде Сербия құрамасымен кездеседі.

Суда жүзу

Суда жүзуден Қазақстан командасының өкілі Диана Назарова 100 метрге шалқалай жүзуден өз тобында ең соңғы орын алды. Ал жалпы есепте 40-шы сатыға жайғасты. Жартылай финалға үздік нәтиже көрсеткен 16 спортшы жолдама алды.