
Бүгін 24 шілде Токио Олимпиадасының екінші күні өтті. Қазақ атлеттері велоспорт, бокс, спорттық гимнастика, дзюдо, суда жүзу, теннис және үстел теннисінен сынға түсті. Назарларыңызға осы тәуліктегі отандастарымыздың нәтижесін ұсынамыз.
Велоспорт
Бүгін Токио Олимпиадасында өткен велоспорттан топтық жарыста Алексей Луценко, Дмитрий Груздев пен Вадим Пронский жүлдеге таласты. Алайда отандастарымыздың ешқайсы жүлдеге іліге алмады.
Алексей Луценко жеңімпаздан 6 минут 21 секундқа артта қалып (6:11:46), 21-ші орыннан көрінді. Ал Дмитрий Груздев пен Вадим Пронский жарыс жолынан шығып қалды. 234 километрге созылған жарыс жолын эквадорлық Ричард Карапас бірінші болып бағындырды (6:05.26). Екінші орынды бельгиялық Ваут Ван Арт алса, үздік үштікті словениялық Тадей Погачар түйіндеді.
Бокс
Бүгін шаршы алаңға Қазақстан құрамасы сапынан 57 килоға дейінгі салмақта өнер көрсететін Серік Теміржанов шықты. Ол 1/16-да венгриялық Роланд Галосты сенімді жеңді. Павлодарлық былғары қолғап шебері қарсыласын бірінші және екінші раундта нокдаунға жіберіп 5:0 есебімен басым түсті.
Дзюдо
Дзюдошы Елдос Сметов Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы медальді салды. 60 келіде сынға түсетін отандасымыз жұбаныш белдесуінде Нидерланд өкілі Торние Цакаджоені қосымша уақытта (golden score) тізе бүктірді.
Олимпиаданы екінші кезеңнен бастаған Елдос Сметов әуелі түркиялық Михрак Аққұсты, ал ширек финалда оңтүстік кореялық Ким Вон Джинді (иппон әдісімен) таза жеңді. Ал жартылай финалда үш дүркін әлем чемпионы жапониялық дзюдошы Наохиса Такатоға жол берді.
Сонымен қатар әйелдер арасында 48 килода бақ сынайтын отандасымыз Отгонцэцэг Галдбадрах бірінші айналымда қытайлық Ли Янь Аньнен жеңіліп қалды.
Үстел теннисі
Үстел теннисінен ел намысын қорғаған Анастасия Лаврова бірінші кездесуде испаниялық спортшыдан 4:1 есебімен жеңіліп қалды.
Суда жүзу
100 метрге брасс әдісімен жүзуде Дмитрий Баландин іріктеу кезеңінен өте алмады. Енді Рио Олимпиадасының чемпионы 27 шілдеде брасс әдісімен 200 метрге жүзуде сынға түседі. Естеріңізге сала кетсек, 2016 жылы отандасымыз дәл осы қашықтықта чемпион атанған еді.
Теннис
Бүгін Токио төріндегі «Ариакэ» теннис саябағында үлкен теннистен Олимпиада бәсекесі басталды. Әйелдер арасындағы жекелей сынның алғашқы кезеңінде Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина австралиялық Саманта Стосурмен кездесті. Отандасымыздың бірінші және екінші сетті өз пайдасына аяқтап (6:4, 6:2), екінші кезеңге шықты. Айта кетейік, Саманта Үлкен дулыға аясындағы бәсекелердің 3 дүркін жеңімпазы. Сонымен қатар WTA (әйелдер теннисі ассоциациясы) аясындағы турнирлерде 35 рет топ жарған. Бас төреші германиялық Нико Хелверт.
Ал ерлер арасындағы жекелей сында отандасымыз Александр Бублик ресей олимпиада комитетінің атынан сынға түсіп жатқан Даниил Медведевке жол берді. Бір сағат 38 минутқа созылған тартысты матчтың есебі 6:4, 7:6. Бас төреші франциялық Дэмьен Юмюзуа.
Бұдан бөлек бүгін Зарина Диас, чехиялық Барбора Крейциковамен, ал жұптық бәсекеде Александр Бублик пен Андрей Голубев франциялық Джереми Чарди және Гаэль Монфис дуэтімен күш сынасады.
Өкінішке қарай, бірінші айналымда Зарина Дияс чехиялық Барбора Крейчиковаға жол берді. Отандасымыз жетінші геймнен кейін жарақатына байланысты кездесуді ары қарай жалғастырудан бас тартты. Дияс үшін Олимпиада осымен аяқталды.
Спорттық гимнастика
Бүгін Токио Олимпиадасында спорттық гимнастикадан іріктеу кезеңі мәресіне жетіп, финалға жолдама алған атлеттер анықталды. Отандасымыз Милад Карими үш жаттығу бойынша ақтық кезеңге шықты.
Милад гимнастикалық кермедегі жаттығуда 14.766 ұпай жинап, екінші нәтиже көрсетті.
Ал еркін жаттығуда 8-ші орын иеленіп, финалға шықты. Сонымен қатар көпсайыс бойынша 20-шы сатыға жайғасып, жүлде үшін таласуға мүмкіндік алды. Енді Милад үш финалда өнер көрсетеді. Көпсайыстан финал 28 шілдеге, еркін жаттығудан 1 тамызға, гимнастикалық кермеден 3 тамызға жоспарланған.