Ақтоты Райымқұлова Токио Олимпиадасының ресми ашылуына қатысты

Ақтоты Райымқұлова Токио Олимпиадасының ресми ашылуына қатысты

Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Токиодағы XXXII жазғы Олимпиаданың салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.

Сонымен қатар Қазақстан делегациясының құрамында Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов, МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Сәпиев, Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев, Ұлттық Олимпиада комитетінің атқарушы хатшысы Андрей Крюков, ҰОК вице-президенттері Данияр Абулғазин мен Қайрат Боранбаев бар.

Ашылу рәсімі аясында Ақтоты Райымқұлова Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Қайрат Иманалиев, Жапонияның Білім, мәдениет, спорт, ғылым мен технология министрі Коити Хагиуда және «Токио-2020» ұйымдастыру комитетінің президенті Сейко Хасимото ханыммен кездесті.

Айта кетейік, 8 тамызға дейін өтетін жазғы олимпия ойындарына еліміз 27 спорт түрінен 97 жолдама (63-ер, 33-әйел) иеленген еді. Жалпы әлемнің 206 мемлекетінен келген 11 мыңнан астам атлет 33 спорт түрінде 339 жүлде жиынтығын сарапқа салады.

Биылдан бастап Олимпиаданың ашылу рәсімінде ұлттық құраманың туын екі спортшы (бір ер, бір әйел) ұстап шығатын болады. Бүгін көк байрағымызды бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Қамшыбек Қоңқабаев пен үш қарғып секіруден Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова ұстады.