
Бүгін Токио төріндегі «Ариакэ» теннис саябағында үлкен теннистен Олимпиада бәсекесі басталды.
Әйелдер арасындағы жекелей сынның алғашқы кезеңінде Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина австралиялық Саманта Стосурмен кездесті. Отандасымыздың бірінші және екінші сетті өз пайдасына аяқтап (6:4, 6:2), екінші кезеңге шықты. Айта кетейік, Саманта Үлкен дулыға аясындағы бәсекелердің 3 дүркін жеңімпазы. Сонымен қатар WTA (әйелдер теннисі ассоциациясы) аясындағы турнирлерде 35 рет топ жарған. Бас төреші германиялық Нико Хелверт.
Ал ерлер арасындағы жекелей сында отандасымыз Александр Бублик ресей олимпиада комитетінің атынан сынға түсіп жатқан Даниил Медведевке жол берді. Бір сағат 38 минутқа созылған тартысты матчтың есебі 6:4, 7:6. Бас төреші франциялық Дэмьен Юмюзуа.
Бұдан бөлек бүгін Зарина Диас, чехиялық Барбора Крейциковамен, ал жұптық бәсекеде Александр Бублик пен Андрей Голубев франциялық Джереми Чарди және Гаэль Монфис дуэтімен күш сынасады.