
Бүгін Токио Олимпиадасындағы дзюдо жарысының жеребесі тартылып, отандық спортшылардың алғашқы қарсыластары анықталды. ХХХІІ жазғы олимпия ойындарына Қазақстан құрамасы 6 дзюдошы апарды.
Әйелдер арасындағы жалғыз жолдаманың иегері, 48 килода белдесетін Отгонцэцэг Галбадрах бірінші айналымда қытайлық Ли Яняньмен татамиге шығады.
Ал 60 килодағы Елдос Сметов екінші айналымнан бастап белдеседі. Оның қарсыласы түркиялық М. Аққұс пен бутандық Н. Нгаванг жұбының жеңімпазы болмақ.
Айта кетейік, 48 бен 60 килодағы дзюдошылар бәсекесі 24 шілдеде өтеді.
2019 жылғы Азия чемпионы Ерлан Серікжановтың (66 кило) 25 шілдеде алғашқы қарсыласы әзірбайжандық Орхан Сафаров атанады. Ал Жансай Смағұлов 26 шілде күні (73 кило) алғашқы айналымда армениялық Фердинанд Карапетянмен кім мықтыны анықтайды.
27 шілдеде Дидар Хамза (81 килода) бірінші белдесуде моңғолиялық Саид Моллаимен белдеседі. 91 килода өнер көрсететін Ислам Бозбаев 28 шілдеде бірінші айналымда бразилиялық Рафаель Маседомен күш сынасады.
Дзюдо бәсекесі Токиодағы «Ниппон Будокан» кешенінде өтеді. Сонау 1964 жылғы XVIII Олимпиададағы дзюдо сайысы үшін тұрғызылған аренаның сыйымдылығы 14 мыңнан асады.