
Бүгін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева, «Витебсктегі Славян базары» ХХХ халықаралық өнер фестивалінің эстрада орындаушылар арасындағы Гран-при иегері Рухия Байдүкенова және БАҚ өкілдерінің қатысуымен онлайн форматта баспасөз жиыны өтті.
Әуелі Ақтоты Райымқұлова әншіні жеңісімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
«Сізді Беларусь Республикасының Витебск қаласында осымен XXX өткен «Славян базары» халықаралық өнер фестивалі аясында эстрада орындаушылары арасындағы байқаудың Гран-при иегері атануыңызбен шын жүректен құттықтаймын!
Сіз жас та болса дарыныңыз бен музыкаға деген құштарлығыңызды паш етіп, үлкен жобада сəтті өнер көрсеттіңіз. Осы жетістікке жету жолында тыңбай дайындалғаныңыз үшін Сізге зор алғыс айтамын. Алдағы уақытта да əн өнеріне деген талпынысыңыз артып, сахна төрінде биік белестерді бағындыра беруіңізге тілектеспін. Əрдайым ұстаздардарыңыз бен қалың тыңдармандарыңызды қуанта беріңіз»,-деді. Осыдан кейін министр Рухияның шығармашылығы жайлы айтып өтті.
«Бұл Рухия қатысқан алғашқы байқау емес. Бұған дейін бірнеше байқауға қатысып, жетістікке жетіп үлгерді. Рухияның өмірбаянына қарап отырсақ, ол 2010 жылдан бері түрлі байқауларға тұрақты қатысып, жеңіске жетіп жүр. Рухия саған сәттілік тілей отырып, шығармашылық жетістік тілейміз»,-деді.
Ал Айман Мұсақожаева жас әншіні Қазақ ұлттық өнер университетінің оқытушылары атынан құттықтап, Рухияның университет қабырғасындағы іс-шараларда тұрақты ән салып, ұдайы шыңдалғанын атап өтті.
Осыдан кейін БАҚ өкілдері ZOOM платформасы арқылы Рухия Байдүкеноваға сауалдарын қойды. Өз кезегінде Гран-при иегері бұл фестивальде жеңіске жетуді бала кезден армандағанын айтты.
«Славян базары» өнер фестивалін бала кезден өткізбей тамашалаймын. Анама «мен болашақта осы фестивальге қатысып, жеңіске жетемін»-деп айтып отыратынмын. Түрлі байқауларда бақ сынап, ысылдым. Сәтін салып, сол мақсатыма жеттім. Енді тоқтап қалмай, өнердегі өз жолымды салсам деймін. Алдағы уақытта репертуарымды қалыптастырып, тынбай жұмыс істеймін»,-деді әнші.