Рухия Байдүкенова алғашқы күннен кейін көш бастап тұр

Рухия Байдүкенова алғашқы күннен кейін көш бастап тұр

Жыл сайын Витебск қаласында өтетін ХХХ «Славян базары» халықаралық өнер фестивалінде эстрада орындаушылары арасындағы байқаудың алғашқы күні өтті.

Өнерпаздар әлемдік музыка нарығында кеңінен танылып, топ бастаған танымал туындыларды орындады. «Әлемдік хит» атты атау алған алғашқы күні отандасымыз, Қазақ ұлттық өнер университетінің 3-курс студенті Рухия Байдүкенова танымал америкалық әнші, музыкалық продюсер Мэрайи Кэридің Emotions әнін орындады. Рухияның ерекше орындауы мен «Тодес» шоу-балетінің кішігірім хореографиялық қойылымын қазылар алқасы жоғары бағалады. Нәтижесінде отандасымыз 69 ұпаймен (барлығы 70 балл) көш бастап келе жатыр. Рухиядан бөлек, I surrender әнін орындаған сербиялық Ирина Арсениевичтің еншісінде де 69 ұпай бар. Үшінші орында Rise like a phoenix орындап, бірінші болып сахнаға шыққан украиналық Рената Штифель тұр (64 ұпай).

Биылғы фестивальдің қазылар алқасының ең жас мүшесі, танымал әнші, «Витебск-2015» байқауының Гран-при иегері Димаш Құдайберген жоғарыдағы үш әншінің өнерін жоғары бағалап, 10 балл берді.

Димашпен қатар Анатолий Ярмоленко (қазылар алқасының төрағасы, Беларусь), Микеле Пома (Италия), Константин Москович (Молдова), Сергей Пенкин (Ресей), Таисия Повалий (Украина), Патрик Жан-Батист (Франция) ең дарынды әншіні анықтайды. Дауыс беру ашық, электронды түрде жүреді. Қазылар алқасының әр мүшесі қатысушылардың көрсеткен өнерін 1 мен 10 ұпай аралығында бағалайды.   

Эстрада орындаушылары арасындағы байқаудың екінші күні 18 шілдеде өтеді. Бүгін қатысушылар славян елінен шыққан композитордың туындысын славян тобына жататын тілдің бірінде оркестрдің сүйемелдеуімен орындауы керек.

Анықтама:

Биылғы «Витебсктегі Славян базары» байқауының Гран-при иегері «Алтын лира» мүсіншесімен бірге 20 мың АҚШ долларына ие болады. Эстрада орындаушылары арасындағы байқауда бас-аяғы 14 мемлекеттен келген 18 бен 31 жас аралығындағы әнші бақ сынап жатыр.