
Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде елімізде халықаралық вокал академиясын ашу, опера және балет өнерін дамыту тақырыбына арналған баспасөз жиыны өтті.
Баспасөз конференциясына Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының директоры Ғалым Ахмедьяров, «Астана Балет» театрының директоры Александр Савостьянов, Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры Тайыр Қаратаев қатысты.
Нұрғиса Дәуешов елімізде опера және балет өнерін дамытуға ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын жеткізді.
«Елімізде 3 опера және балет театры және 1 балет театры қызмет атқарады. Олар, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры, Түркістан облыстық опера және балет театры, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театры және «Астана Балет» театры. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі кезеңінде 2013 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының салтанатты ашылуы өтті. Бұл Қазақстанның мәдени өміріндегі айтулы, дәуірлік оқиға болды.
Бүгінде «Астана Опера» репертуарында 38 спектакль бар: 17 опера және 21 балет – аса көрнекті отандық композиторлардың шығармалары, әлемдік опера және балет классикасы, заманауи хореографтардың қойылымдары.
Театр сахнасында көрнекті сценограф Эцио Фриджерио мен костюмдер бойынша суретші – «Оскар» және Opera Star сыйлығының иегері Франка Скуарчапиноның, сондай-ақ Софья Тасмағамбетова, Павел Драгунов және Әсел Досмұратова секілді дарынды суретшілердің қатысуымен Франко Дзеффирелли, Юрий Григорович, Борис Эйфман, Пьер Луиджи Пицци, Юрий Александров, Давид Ливермор, Андрис Лиепа және т.б. атақты шетелдік және отандық мәдениет қайраткерлерінің қойылымдары тамашаланды.
«Астана Опера» сахнасында Бибігүл Төлегенова, Әлібек Дінішев, Айман Мұсақожаева, Нұржамал Үсенбаева, Жания Әубәкірова және басқа да танымал отандық әртістермен бірге әлемдік өнер жұлдыздары өнер көрсетті. Олар: Пласидо Доминго, Зубин Мета, Елена Образцова, Валерий Гергиев, Хосе Каррерас, Анна Нетребко, Марсело Альварес, Светлана Захарова, Вадим Репин, Денис Мацуев, Владимир Спиваков, Валерий Гергиев, Светлана Захарова, Вадим Репин, Денис Мацуев, Владимир Спиваков, Ильдар Әбдіразақов.
2014 жылы «Астана Операның» ұжымының әлемдік турнесі сәтті өтті. Олар Нью-Йорк (Карнеги-холл), Торонто (Sony Centre), Париж (Бастилия операсы), Антверпен (Stadsschouwburg), Роттердам (DE Doelen концерттік залы) қалаларында өнер көрсетті. Сондай-ақ, театр әртістері Маскат Корольдік театрында (Оман), Graz Opera (Австрия), Мариин театрында (Ресей), Theatro Municipal (Бразилия), Рим операсында, генуэздік «Карло Феличе» (Италия), София патшайымның өнер сарайында (Валенсия, Испания), Мемлекеттік Кремль сарайында (Ресей), Әлішер Навои атындағы Өзбекстан мемлекеттік академиялық Үлкен театрында, Беларусь Үлкен театрында, сонымен қатар Каунас (Литва), Новосибирск және Красноярск (Ресей) қалаларында гастрольдік сапармен болды.
«Астана Опера» театры екі рет жоғары мемелекеттік және халықаралық атаққа ие болды. Ол, Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсы үшін Қазақстан Республикасының әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығы (2018) және «Жылдың театр алаңы» номинациясы бойынша классикалық өнер саласындағы халықаралық «BraVo» сыйлығы (Мәскеу, Ресейдің Үлкен театры, 2019).
Театрда 2013 жылдың желтоқсанында құрылған Балалар студиясы белсенді жұмысын жалғастыруда. Онда 5 пен 16 жас аралығындағы 100-ге жуық бала оқиды. Театр студиясының тәрбиеленушілері Камералық зал концерттерінің қатысушысы, сондай-ақ көпшілік спектакль сахналарында сахнаға шығады.
Биыл 4 шілдеде «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының сахнасында Astana Opera халықаралық опера академиясының тұсаукесері мен салтанатты ашылуы өтеді. Ашылу салтанатында итальяндық опера әншілері Маттиа Росси, Франческо Мелли, моңғол опера әншісі Бадрал Чулуунбаатар, қырғыз опера әншісі Саян Исин, «Астана Опера» театрының жетекші солистері өнер көрсетеді.
Astana Opera халықаралық опера академиясының ашылуы «Астана Опера» опера труппасының солистеріне, сондай-ақ жас опера әншілеріне, дирижерлерге, пианистерге жоғары білікті мамандардан білім ала отырып, кәсіби шеберлік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді»,-деді.
Сонымен қатар Нұрғиса Дәуешов Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театрының тыныс-тіршілігі жайында баяндап өтті.
«Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылы ішінде Абай атындағы Қазақ Ұлттық опера және балет театры 4 мыңнан астам спектакль көрсетті. Оларға 2 милионнан астам адам қатысты. Көрерменге 100-ден астам премьералық және жаңартылған опера және балет спектакльін және көптеген концерт ұсынылды.
Театр сахнасында және Қазақстанда алғаш рет Еркеғали Рахмадиевтің «Абылай хан», Алмас Серкебаевтың «Томирис», қазақ композиторларының музыкасына жазылған «Ұлы дала аңыздары» (Қазақ хандығының құрылғанына 500 жыл толуына орай), Қуат Шілдебаевтың «Адам», Джузеппе Вердидің «Бал-Маскарад», «Трубадур», «Риголетто», Р.Вагнердің «Тангейзер», Джакомо Пуччинидің «Богема», «Турандот», «Тоска», Г.Доницеттидің «Махаббат сусыны», «Лючия ди Ламмермур», «Дон Паскуале», Вольфганг Амадей Моцарттың «Дон Жуан», «Серальдан ұрлау», Пьетро Масканьидің «Ауыл абыройы», Руггиеро Леонкаваллоның «Паяцы», «Браядерка», «Дон Кихот», Франсуа Шопенның «Шопениана» және басқа әйгілі қойылымдар тамашаланды.
Әр жылдары театр Қазақстанның опера және балет өнерін лайықты көрсете отырып, Қазақстан, Ресей, Грузия, Украина, Белоруссия, Өзбекстан, Қырғызстан, Италия, Франция, Ұлыбритания, Германия, Үндістан, Греция, Қытай, Корея, Түркия, Греция, Кипр қалаларында гастрольмен болды.
Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде театр әртістері көптеген беделді халықаралық және республикалық байқау мен фестивальге қатысып, көптеген Құрмет грамотасын жеңіп алды. Мысалы, 2017-2020 жылдар аралығында театрдың 34 әртісі түрлі халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты мен дипломанты болды.
«ТурСтат» порталы көрермендер арасында танымалдығы және театр сайттары мен әлеуметтік желілердегі онлайн-трансляциялар бойынша ТМД-нің үздік опера театрларының рейтингін ұсынды, сонда театр үздік бестікке енді»,-деді.
Осыдан кейін вице-министр 2012 жылы негізі қаланған «Астана Балет» театрына тоқталып өтті.
«Театр әр түрлі стильде қарқынды дамып келеді, академиялық биге баса назар аударылады. Бұл би өнерінің классикалық үлгілерін сақтау және насихаттау, ұлттық хореография призмасы арқылы пластиканы іздеуде бидің қазіргі заманғы бағыттарын дамыту. Театр классикалық жанрдағы қойылымдарды, нео-классиканы, этно-арт, модерн, этно-фольклорды жүзеге асырады. Ұжымның репертуарында классикадан қазіргі заманға дейінгі жанрлар мен стильдерде құрылған 90-ға жуық қойылым бар. Олардың қатарында: «Әлем», «Жусан», «Махаббат тілі», «Сұлтан Бейбарыс», «Щелкунчик», «Жизель», «Махаббат туралы аңыз», «Серенада», «Ұлы Дала мұрасы» және т.б.
Биыл 2-3 шілде күндері «Астана Балет» театрының сахнасында маусымның басты премьерасы - Ресей Федерациясының еңбек сіңірген өнер қайраткері Георгий Ковтунның «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» балеті қойылады. Көне аңыздың хореографиялық интерпретациясы ғашықтардың қайғылы тағдыры туралы қазақ лиро-эпостық поэмасының желісі бойынша жасалған. Бүгінгі таңда Қазақстанның талантты жастары өз өнерін елімізде де, шетелде де лайықты түрде көрсетуде. Опера және балет солистері беделді халықаралық конкурстар мен фестивальдердің лауреаттары мен дипломанттары. Белгілі шетелдік шеберлердің шақыруымен Сүндет Байғожин, Бауыржан Әндержанов, Жұпар Ғабдуллина, Салтанат Ахметова, Медет Шотабаев және балеттің жетекші солистері – Мадина Басбаева, Айгерим Бекетаева, Бақтияр Адамжан әлемнің үздік театрларында өнер көрсетеді.
Біздің әртістеріміздің сахна шеберлігінің өсуіне әлемнің үздік театр шеберханаларында білім алуы оң әсер етеді. Мемлекеттің қолдауымен опера және балеттің жетекші солистері Ла Скала театрының академиясында, Вена операсында, Мариин театрында, Перголези Спонтини қорында, Болоньядағы итальяндық опера мектебінде тағылымдамадан өтеді.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің елімізде опера және балет өнерін дамыту бйынша қызметі Мемлекет басшысының Жолдауларына, саланың стратегиялық және бағдарламалық құжаттарына негізделген және ары қарай да өзінің табысты жалғасын таппақ деген ойдамыз»,-деп айтты.