Павлодарда Қожа Ахмет Ясауиге арналған  «Ұлы даланың рухани мұралары» көрмесі ашылды

Павлодарда Қожа Ахмет Ясауиге арналған  «Ұлы даланың рухани мұралары» көрмесі ашылды

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі Г.Н.Потанин атындағы Павлодар облысының тарихи-өлкетану музейінде «Ұлы даланың рухани мұралары» көрмесін ашты.

Ел Тәуелсіздігінің  30 жылдығына орай түркі әлемінің рухани тұлғасы Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен мол мұрасына, шәкірттері мен олардың еңбегіне, Түркістан тарихына арналған көрмеге Павлодар облысының Мәдениет және тілдерді дамыту, архив ісі басқармасының басшысы Самал Бегалинова, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев, Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының өмірі мен шығармашылығын зерттеуші, филология ғылымының докторы, профессор Айтмұхамбет Қасымбайұлы, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Арман Қани және өзге де зиялы қауым өкілдері мен музей қызметкерлері қатысты.

«Киелі Түркістанның тарихи мұралары Павлодар өлкесіне келіп жетті. Тарихы мен мәдениеті, өркениеті терең Павлодар жұртшылығы үшін бұл бастама үлкен қуаныш. Қасиетті топырақтан жеткен жәдігерлер, Ясауи мұралары өңіріміздің халқына, туристерге бір ай бойы таныстырылады»,-деді Самал Балғабайқызы.

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі директорының міндетін атқарушы Ерсін Тәжібаев Павлодар облысы әкімдігі мен басқармаға және музей ұжымына көрмені ұйымдастыруға атсалысқаны үшін алғыс айтты.

«Ұлылардың ізі, тарихы қалған шежірелі Павлодар өлкесіндегі көрмеге ақын, ислам дінінің көрнекті жаршысы, ғұлама Әзірет Сұлтан жерінен 100-де аса жәдігер алып келдік. Бұл көрменің мақсаты - Қожа Ахмет Ясауидің мұрасын, ұлы тұлғаның соңынан ерген шәкірттерінің еңбектері мен Түркістанның ортағасырдан бастап білім мен ғылым, өнер  ордасы болғандығын айқындайтын түрлі ғылыми кітаптар арқылы еліміздің тұтастығын, дәстүр жалғастығын, бай мұраларын рухани жаңғыру аясында насихаттау. Сондай-ақ «Ясауи ізімен» ғылыми-танымдық жобасы Павлодарда да жалғасын табады»,-деді Ерсін Тәжібаев.

Айта кетейік, «Ұлы даланың рухани мұралары» көрмесі үш бөлімге топтастырылған.

Көрменің бірінші бөлімі Қожа Ахмет Ясауи мұраларына арналады. Өз заманында-ақ халықтың ерекше ілтипатына ие болып, «Әулиелер Сұлтаны» атанған, кейінгі ұрпақтың да руханият әлеміндегі бағдарын айқындауда жетекші рөл атқарған Қожа Ахмет Ясауи артына баға жетпес байлық, өшпес мұра қалдырып кеткені белгілі. Әулиенің ізіне ерген шәкірттері Түркістан атырабынан асып, оның ілімін төрткүл дүниеге мәшһүр етті. Қожа Ахмет Ясауи әлемі — тылсымы көп дүние. Ауызбірлігіне сызат түспей, қандай қиын қыстау жағдайда ниет біріктіре алған қазақ халқының тұтастығы Ясауи сілтеген татулық, мейірімділік жолынан бастау алады. Көрме экспозициясына бұрын соңды қойылмаған түпнұсқа «Диуани  хикметтің» қолжазба нұсқасы,  1887-1901 жылдары  Қазанда, 1901 жылы  Ыстамбұлда, 1902-1911 жылдары Ташкент баспаларынан жарық көрген нұсқалары, хикметтің латын тілінде жарық көрген нұсқасы, «Рисалла дар адаби тариқат», «Пақырнама», «Миратул қулуб», «Насабнама» шежірелік қолжазбалары мен ХІХ ғасырда А.Кунның «Түркістан альбомы» кітабында жарияланған бірегей фотосуреттер қойылды.

Көрменің екінші бөлімінде ұлы тұлғаның шәкірттері С.Бақырғанидың «Диуан» қолжазба еңбегі, Шейх Худайдад Таш-Мухаммед әл-Бухаридің «Бустан уль Мухиббиннің» түркі тілінде жазылған қолжазба еңбегі, Ә.Науаидің «Ғазалдары», Софы Аллаярдың «Муслик ал-Муттакин», «Әулиенің өсиеттері» еңбегі, Қожа Хафиздің «Диуаны», Имам Мағрудидің «Қиссалары», Әулие Биделдің «Диуан» еңбектері экспозициядан орын алды.

Көрменің үшінші бөлімінде Түркістанның ортағасырдан бастап білім мен ғылым, өнер  ордасы болғандығын айқындайтын түрлі ғылымға қатысты кітаптар қойылды. «Ғайас ал-луғат Мунтахаб ал-луғат» тіл білімі туралы, «Рисақатун уафиятун фи ислами абни ағи» араб тілінің граматикасы, Тарих-география ғылымы жайында, заң ғылымының мәні, «ШархульУиқаяти, Умурату рияти» шариғатты талдау еңбектері қамтылған.