Ұлттық домбыра күніне орай «Пернесінде сөйлейді Ұлы дала» атты көрме ашылды

Ұлттық домбыра күніне орай «Пернесінде сөйлейді Ұлы дала» атты көрме ашылды

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде ел Тәуелсіздігінің 30, ғасыр саңлағы, күйші Дина Нұрпейісованың 160 жылдығы мен Ұлттық домбыра күніне орай «Пернесінде сөйлейді Ұлы дала» атты Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің қорындағы домбыралар коллекциясынан тұратын көрменің ашылу салтанаты өтті.

Бүгінгі іс-шараға Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, мәдениет және қоғам қайраткерлері, белгілі зиялы қауым өкілдері қатысты.

Бұл көрменің мақсаты – Ұлттық домбыра күні аясында Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің қорында жинақталған домбыралар коллекциясы, өнер иелерінің жеке заттары және өлкенің мәдени жетістіктерін дәлелдейтін қастерлі қара домбыраның мәртебесін жаңғырту, өнер өкілдерінің өмір жолы мен сыршыл пернелерге тіл бітірген қолөнер шеберлерінің домбыраларын насихаттау.

Экспозиция залы күйшілік мектебі мықты дамыған қазақ жерінің батыс аймағында дүниеге келген ұлт мақтаныштары ғасыр саңлағы, күйші Дина Нұрпейісованың, Қазақстанның халық жазушысы Х.Ерғалиевтың, Қазақстанның халық әртістері Р.Ғабдиевтің және Қ.Ахмедияровтың биылғы мерейтойларымен ұштастырылып отыр.

Көрме аясында «Құрманғазы» поэмасын алғаш толғаған Х.Ерғалиевтың ерекше домбырасының көшірмесі  ҚР Ұлттық музейге сыйға тартылды. Сонымен қатар күй атасы Құрманғазы Сағырбайұлының, Қазақ КСР-ның халық әртісі Дина Нұрпейісованың мүсіні мен домбырасы, екіншідүниежүзілік соғысының ардагері Тыныбай Лекеровтың сүйектелген домбырасы, дауылпаз ақын М.Өтемісұлы, ұлы ақын А.Құнанбайұлы, ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев, дирижерлер – Р.Ғабдиев, Н.Тілендиев, С.Құсайынов, Б.Рзаханов, Н.Сауғабаев, домбырашылар – Ә.Есқалиев, Қ.Ахмедияров, Ш.Әбілтаев, А.Үлкенбаева, С.Жалмышев, әншілер – Ж.Елебеков, М.Төрешов, И.Жақанов, Б.Тілеуханов, А.Әлтаев, жазушылар – Х.Ерғалиев, С.Ғаббасов, Б.Аманшин, А.Сейдімбек, М.Неталиев, мемлекет және қоғам қайраткерлері – К.Мақайұлы, Ә.Ізмұхамбетова, С.Мұқашев, Н.Үлкенбайұлы, Ғ.Ибішев, сондай-ақ қолөнер шеберлері Б.Мырзағалиев, І.Бекмағамбетов, Н.Қалиев, Н.Мұсаев және Ә.Иманғалиеваның құжаттары, жеке заттары, барлығы 200-ден астам жәдігер халық назарына ұсынылып отыр. 

Айта кетейік, ҚР Ұлттық музейінде ашылған экспозиция залында Атырау облысы тарихи-өлкетану музейінің қорындағы республиканың әр өңірінен жинақталған күй мұхитының жүрдек кемесі атанған домбыра коллекциясының тамаша үлгілері мен қазақтың біртуар ұлдары қолданған домбыраларының насихатталуы кейінгі жас ұрпаққа тағылымы зор іс-шара.