Комитет төрағасы БАҚ өкілдерін марапаттады

Комитет төрағасы БАҚ өкілдерін марапаттады

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова журналистер қауымына тәуелсіз еліміздің мәдениет, спорт және туризм саласын жандандыру жолында атқарған ұзақ жылғы абыройлы еңбегі мен тарихи, рухани құндылықтарды ақпарат айдынында насихаттауға қосқан ерекше үлесі үшін алғыс айтты.

Министрдің Алғыс хатын БАҚ өкілдеріне Мәдениет және спорт министрлігі Мəдениет комитетінің төрағасы Ақан Әбдуалиев табыстап, 28 маусым – бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен құттықтады.

Комитет төрағасы БАҚ өкілдері толассыз ақпарат ағынында халыққа керек, пайдалы мәліметтерді уақытылы жеткізіп келе жатқанын атап өтті.

«Бұқаралық ақпарат құралдары бүгінде ең маңызды қызмет атқарып келеді. Бүгін жаңа қызметке тағайындалған сәттен бері Сіздерді төл мерекелеріңізбен құттықтаудың сәті түсіп отыр. Сіздер әр мәлімет, ақпарат арқылы біздің еңбегімізді елге көрсетіп, кемшіліктерімізді байқап, тынбай жұмыс істеуімізге көмектесесіздер. Мәдениет және спорт министрлігіне БАҚ-тан жыл басынан бері 700-ден астам сауал келіп түскен екен. Оның 200-ден астамы сұхбат. Бұл қоғам мәдениет, спорт, туризм және архив саласындағы тыныс-тіршіліктен хабардар болғысы келетінін аңғартады. Яғни, журналистер билік пен халық арасындағы байланысты тұрақты ұстауға, нығайтуға үлес қосып жатыр деуге болады»,-деді.

Осыдан кейін сөз алған Мәдениет және спорт министрінің баспасөз хатшысы Әсел Серікбаева Министрлік қызметі үнемі БАҚ назарында екенін, әрдайым бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.

Марапаттау рәсімінен кейін БАҚ өкілдері «Елорда – өнер өлкесі» атты театрлардың халықаралық фестивалі аясында қойылған саунд-драманы тамашалады.