
Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Nur Otan партиясы жанындағы Miras республикалық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысына қатысып, тарихи ескерткіштер мен нысандардағы ғылыми-реставрациялау жұмысын жүргізу арқылы тарихи-мәдени мұра объектілерін сақтау, мәдениет нысандарын салу және жөндеу кезінде туындайтын мәселелер жайлы айтты.
Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасы бойынша әзірленген Жол картасында 2025 жылға дейін 259 мәдениет нысанының құрылысын жүзеге асыру жоспарланса, биыл соның 89-ы салынып, 211-і жөндеуден өту керек.
Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, бүгінде республика бойынша 43 мәдениет нысанын салу және қайта жаңғырту жұмысы жүріп жатыр. Сондай-ақ, Жол картасына сәйкес, биыл жөндеуден өтуге тиіс 211 нысанның 107-сінде жұмыс жүргізілуде. Десе де министр қазіргі таңда жоспарда бекітілген көрсеткіштердің толық орындалмау қаупі бар екенін жасырмады. Себебі, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мәдениет объектілерін салу, қайта жаңарту мен жөндеу жұмысы жергілікті атқарушы органның құзыретіне кіреді.
«Жол картасын іске асыру аясында жергілікті атқарушы органдардан 2021 жылғы «Жұмыспен қамту», «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында қаржыландыруға бюджеттік өтінімдер ұсынылған болатын. Алайда қазіргі экономикалық ахуалға байланысты республикалық бюджеттен қолдау таппай отыр. Жұмыстарды жандандыру мақсатында жергілікті атқарушы және мүдделі мемлекеттік органдарға, атап айтсақ, Қаржы және Ұлттық экономика министрліктеріне тапсырма берулеріңізді сұраймын», - деді министр.
Осы орайда, тарихи ақтаңдақтарды ақтарып, осы тақырыпқа қалам тербеп жүрген қоғам қайраткері, ҚР Мәжіліс депутаты Берік Әбдіғалиұлы қазіргі таңда реставрация жүргізетін мекемелер мен ғалымдардың арасында туындап отырған қарама-қайшылық туралы айтты. Оның айтуынша, көптеген ескерткішті қайта қалпына келтіру жұмысына ғалымдардың көңілі толмайды. Себебі, олар реставрациядан гөрі құрылыс жұмысына көбірек ұқсап, еврожөндеу сияқты жасалған.
«Реставрация жұмысының сапасы сын көтермейді. Жеткілікті қаражат бөлінеді, мекеме де бар. Бірақ сол мекемелерде мамандар тапшы. Реставратор мамандардың тапшылығы өңірлерде қатты байқалады. Көбіне қалпына келтіру жұмысын құрылысшылар атқарады. Мәселен, Ұлытаудағы Жошы хан кесенесінің іргесіндегі Орда Базар қалашығында іргетасын кәдімгі үй салғандай төртбұрыштап цементтен құйған. Тарихи кесенелер осылайша көнелілігін жоғалтып алады. Мұндай мысалдар көп. Сондықтан тарихи-мәдени орындардағы жұмыстардың арнайы мамандармен, ғалымдармен ақылдаса отырып жасалуына көңіл бөлсеңіздер», - деді депутат министрге қарата.
Ал Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің ректоры Ерлан Сыдықов «Қасиетті Қазақстан» бағдарламасында қайта қарайтын мәселе бар деп есептейді. Аталған жобада ұлттық құндылықтар республикалық және өңірлік нысандар деп бөлінген.
«Бұл идеологиялық жағынан да, адамгершілік тұрғысынан да дұрыс емес. Сонда қалай, Сұлтанмахмұт – Павлодардың, ал Мәди – Қарағандының ғана тұлғасы немесе құндылығы болып қала ма? Оларды әр облыстың проблемасына айналдырудың қажеті жоқ. Сондықтан да елдің мәдениеті мен бірлігіне қызмет ететіннің бәрін ұлттық құндылық деп бір ғана институционалды мәртебе беруді ұсынамын. Ал бұл мәселеде облыс, аймаққа бөлу жұмыс бабы үшін ғана пайдаланылуы керек», - деді ол. Е.Сыдықов қазақ халқының шет елдегі мәдени нысандары мен тарихи-мәдени құндылықтарының тізбесі туралы мәселені де алға тартты.
Шетелдерде де қазақ тарихына қатысты нысандар, тарихи-мәдени жәдігерлер баршылық. Олардың тағдырына қоғам алаңдаушылық білдіріп жатады. Жиын барысында сондай жәдігерлерді күтіп-баптау жауапкершілігіне қатысты халықаралық мәселелер бар екені айтылды. Сондықтан Кеңес мүшелері Әл-Фараби, Бейбарыс Сұлтан, Төле би, Құрманғазы, Мұстафа Шоқай және т.б. жат жерде жерленген арыстарымыздың қорымдары қазақ халқының ұлттық құндылықтарына енуі керек деп есептейді.
Кеңес мүшесі, ҚР Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп бүгінде Түркістандағы Ясауи кесенесінің маңында үлкен қарқынмен жүріп жатқан құрылыс жұмыстарына қатысты алаңдаушылығын білдірді.
«Мұнда бір кездері гидромелиоративтік-құрылыс мамандары құрғақшылық мәселелерін, судың шығу деңгейін анықтап отыратын. Қазір осы мәселе ескеріле ме? Әсіресе, Керуен сарайды салу, кесене маңын кеңейту кезінде асқан мұқияттылық қажет. Олай болмаған жағдайда мавзолейдің іргесі ыза тартуы мүмкін. Сондықтан кесенелерде реставрация жасаған кезде міндетті түрде гидромелиоративтік-құрылыс мамандары мен археологтар қатысқаны жөн деп ойлаймын», - деді.
Сондай-ақ, сенатор реставраторларды даярлау мәселесін қазақта бұрыннан бар ұсталық атакәсіпті дамыту және Иран, Өзбекстан, Түркия елшіліктерін пайдалана отырып, реставраторларды қысқа мерзімде даярлайтын бағдарламалар жасау сияқты жолдармен шешкен жөн деген ұсыныс айтты.
Жиын барысында қара археологиямен күресу, Мәдениет және спорт министрлігінің мәртебесін көтеру, тарихи-мәдени ескерткіштерді функционалды түрде қолдану, ғылыми-реставрациялық жұмыс атқаратын мекемелерге лицензия беру, мамандардың біліктілігін арттыру, ғылыми-реставрациялық жұмыс есептерінің орталықтандырылған базасын жасақтау және мониторинг жүргізу, аршылған, қазылған нысандар мен орындарға рекультивация жасау мәселелері сөз болды.
Мәжіліс депутаты, Кеңес төрағасы Жанарбек Әшімжанов жиынды қорытындылай келе, Miras республикалық қоғамдық кеңесі барлық қатысушының баяндамасын, ой-пікірін тыңдап және талқылап, ҚР Үкіметіне оннан аса ұсыныс жолданатынын жеткізді.
Атап айтқанда, қазақ елінің ұлттық тарихи-мәдени мұрасы болып табылатын Өзбекстандағы Әйтеке би, Сейітқұл баба кешеніне, Төле би кесенесіне және Ресейдегі Бөкей хан мен Сейіт баба мемориалды кешеніне реставрация жасау мүмкіндіктерін қарастыру, тарихи-мәдени ескерткіштердегі ғылыми-реставрация жұмысын жүзеге асыру жөніндегі қызметті лицензиялау кезінде қойылатын біліктілік талаптары мен шарттарын сала мамандарымен бірлесе отырып қайта қарастыру, жыл сайын мамандарды аттестациялау тәртібін енгізу, ғылыми-реставрациялық жұмыстарды атқару барысында әрбір нысанның ерекшелігін ескеру және оларды әлемдік стандарттарға сәйкес жүзеге асыру, атқарылған ғылыми-реставрация жұмысы есебінің орталықтандырылған базасын жасақтау, ғылыми-реставрация жұмысын атқаратын мамандардың біліктілігін арттыру мәселесін жолға қою сияқты және т.б. ұсыныстар жолданды.