Евгений Шагаров O-FEST халықаралық фестиваліне қатысады

Евгений Шагаров O-FEST халықаралық фестиваліне қатысады

Абай атындағы Қазақ Ұлттық академиялық опера және балет театрының опера труппасының жетекші солисі Евгений Шагаров 26-27 маусым аралығында Украина астанасы Киевте өтетін VIII O-FEST халықаралық фестиваліне қатысады.

Бүгінде «О-Фест» - халықаралық, мәдени және дипломатиялық маңызы бар, шет мемлекеттерде кеңінен танылған фестиваль. Фестиваль аясында Украинаның ұлттық оперетта сахнасында, Бучан паркінің жазғы театрында үлкен халықаралық гала-концерттер өтеді. Биыл фестивальге тоғыз елдің өкілі қатысады. Олар: Әзірбайжан, Беларусь (Наталья Дерентьева), Грузия, Иран (Газали Сафари), Қазақстан (Евгений Шагаров), Қытай, Литва (Габриэле Букине), Молдова (Тимофти Ион), Словения (Лукас Сомоза Остерц).

Іс-шара классикалық өнерді кеңінен насихаттауға ықпал етеді. Сегіз жыл ішінде Киев ұлттық академиялық опера театры мен Бучанск қаласының радасы ұйымдастырып келе жатқан О-FEST-ке 30 ел мен 113 шетелдік вокалист қатысқан. Биыл фестиваль бағдарламасында классикалық шығармалармен қатар джаз, поп-рок, заманауи электронды музыка және басқа да көптеген музыкалық жанр бар.

Абай атындағы ҚазҰАОБТ-дан шақырылған солист – Евгений Шагаров фестиваль аясында Ж.Бизенің «Кармен» операсынан Эскамильо тореадорының куплеттерін ұсынатын танымал опералық арияларды орындайды. Айта кетейік, Евгений Шагаров –2011 жылдан бастап Абай атындағы ҚазҰАОБТ артисі, осы уақыт ішінде Дж.Россинидің, П.И. Чайковскийдің, П. Масканьидің, И. Штраустың, Ф.Легардың, Дж.Пуччинидің жарқын опералық партияларын жоғары деңгейде орындады. 2019 жылы Евгений Шагаров Б.Төлегенова атындағы Халықаралық вокалистер байқауының лауреаты атанды. Евгений Шагаровтың халықаралық фестивальге қатысуы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.