
Бүгін Ақтауда Kazakh Tourism ұлттық компаниясының өкілдері жергілікті туристік қауымдастықпен және қонақ үй иелерімен кездесті.
Кездесуде қарқынды дамып келе жатқан курорттық аймақта ұлттық компанияның жыл соңына дейін 1000-ға жуық салалық маманды оқытуға ниетті екендігі айтылды. Оған өңірде аспаз, швейцар, даяшылар мен бөлме қызметкерлері, жағажайдағы құтқарушы мамандар және өзге де сала мамандарының тапшылығы түрткі болған.
«Өткен жылы өңірдегі барлық қонақ үй кешені демалушылар санының артқандығын ерекше сезінді. Сәйкесінше, саладағы сапалы қызметкерлердің жетіспеушілігі байқалды. Егер 2025 жылға дейін Маңғыстау 1,7 млн туристі қабылдауды жоспарлап отырғанын ескерсек, онда білікті кадрларға деген қажеттілік тек арта түседі», - деді Ержан Еркінбаев.
Ақтау қаласының халықаралық әуежайының қызметкерлері де оқытудан өтеді. Онда күрделі жағдайларда, тексеру желісінде туристермен өзара іс-қимыл жасау және т.б. маңызды мәселелерге ерекше назар аударылатын болады.
Оқытудан өткен барлық қатысушы жергілікті курорттарда жұмысқа орналасады.
Сонымен қатар кездесуде Мәдениет және спорт министрлігі Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков жақында қабылданған туризм саласындағы мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары жайлы айтты.
Сондай-ақ, кездесу аясында туристерді есепке алу, туристік ағымды талдау және көші-қон бақылауын жүзеге асыруға арналған eQonaq бірыңғай ақпарат жүйесінің жұмысы таныстырылды.
Бүгінде бұл жүйе еліміздің 383 орналастыру орындарында (қонақ үйлер, хостелдер, демалыс үйлері және т.б.) енгізілген. Ал жыл соңына дейін жүйеге еліміз бойынша 600-ден астам орналастыру орны тіркеліп, оның ішінде Маңғыстау облысының барлық объектісі қосылады.