
Бүгін ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі ұйымдастырып жатқан «Елорда – өнер өлкесі» атты Қазақстан, Өзбекстан және Қырғыз Республикасы театрларының шығармашылық кездесуіне арналған баспасөз жиыны өтті.
БАҚ өкілдеріне арналған жиында Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов театр фестивалі көршілес мемлекеттердің театрларымен арадағы байланысты нығайтуға, елорданы мәдени орталық ретінде ілгерілетуге, көрермендерді театр өнеріндегі таңдаулы қойылымдармен таныстыруға бағытталғанын жеткізді.
«Бұл ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Елорда күніне орай Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі ұйымдастырып жатқан шығармашылық кездесу. Он күнге созылатын «Елорда – өнер өлкесі» атты театрлардың шығармашылық кездесуі аясында Елбасының арнайы тапсырмасымен Елордада бой көтерген Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театр ғимаратының таныстырылымы өтпек. Елбасының қатысуымен былтыр 26 қарашасында Қ. Қуанышбаев атындағы театрдың жаңа ғимаратының шымылдығы әлемдік деңгейдегі ойшыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы аясында «Абай» қойылымымен ашылды. Жаңа сахнада тарихи тақырыпты қамтыған «Құнанбай», «Бопай ханым» спектаклінің премьерасы көрермендерге ұсынылды. Биыл Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған мерейтойлық іс-шаралар осы театр сахнасынан бастау алды.
«Елорда – өнер өлкесі» шығармашылық кездесуі аясында Нұр-Сұлтан қаласының тұрғындары мен қонақтарына Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан театрларының үздік қойылымдары мерекелік тарту ретінде ұсынылады. Бұл театрлық іс-шара бауырлас елдердің мәдени байланысын нығайта түсуге ықпал етері сөзсіз»,-деді.
Сонымен қатар вице-министр еліміздегі мемлекеттік театрлар мен оларға мемлекет тарапынынан көрсетіліп жатқан қолдау жайлы айтып өтті.
«Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі жалпы республикалық әрбір іс-шара ұлттық мәдениетті ілгерілетуге және дәстүрлерді жаңғыртуға, салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған.
Бүгінде республикамызда 65 театр қызмет етеді десек, оның 53-і мемлекеттік. Тәуелсіздік алған сәттен бері елімізде 22 мемлекеттік театр ашылып, Орал, Қарағанды, Қостанай, Нұр-Сұлтан, Өскемен, Шымкент, Талдықорған, Түркістан қаласында 9 театрға жаңа ғимарат салынды.
Былтыр Нұр-Сұлтан қаласында Музыкалық жас көрермендер театры ашылса, Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық музыкалық-драма театры, биыл Түркістан қаласында ашылған Түркістан музыкалық-драма театры арнайы салынған жаңа ғимаратқа көшті. Мәдениет ұйымдарының кәсіби деңгейін көтеру мақсатында Тәуелсіздік жылдары 9 театрға Үкімет қаулысымен «Академиялық» мәртебесі берілді.
Сонымен қатар былтыр 5 мәдениет ұйымына Президент Жарлығымен «Ұлттық» мәртебесі берілді. Олардың ішінде М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры, Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театры, М.Лермонтов атындағы Мемлекеттік академиялық орыс драма театры бар».
Осыдан кейін Нұрғиса Дәуешов пандемия кезінде театрлардың халықтың еңсесін көтеріп, рухани қолдауға зор үлес қосқанын атап өтті.
«Тәуелсіз еліміздің театр өнері саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыс көп. Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен республикалық, халықаралық, дүниежүзілік деңгейдегі театр фестивальдері өткізіліп келеді. Республикалық театр ұжымдары өңірлерге, алыс-жақын шет елдерге гастрольмен барып, қазақ театр өнерін таныстырып, насихаттауға атсалысуда.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында еліміздің жетекші театрлары әлемдік деңгейдегі сахналарда өнер көрсетіп жатқанын атап өтуге болады.
Мәдениет саласындағы жүйелі ынтымақтастық пен серіктестікті жаңарту және жандандыру мақсатында былтыр негізгі бағыттар бойынша республикалық салалық мәдениет ұйымдарының жанынан ұйымдастыру орталықтары құрылды.
Қазақстанның әлемдік деңгейдегі мәдени әрекеттестігі сапалы түрде дамып, отандық театр өнері халықаралық қауымдастықта насихаттау мақсатында өткен жылы наурызда М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры жанынан Мемлекеттік театрлар мен театр ұйымдарының гастроль қызметін үйлестіретін республикалық орталық жұмысын бастады. Пандемия кезінде де театр ұжымдары халықтың еңсесін көтеріп, рухани қолдау бағытында аянбай еңбек етті. Театрдың тігін цехтары мен жекелеген қызметкерлері медициналық маскалар мен бас киімдер тігіп, медицина орталықтарына, қарттар үйі, балалар үйі сияқты қамқорлыққа мұқтаж ұйымдарға тегін таратып, тұрмысы нашар тұрғындарды азық-түлікпен қамтамасыз ету акциясын ұйымдастырды. Сонымен қатар қиын кезде жұмысты еш тоқтатпай, қызметтің жаңа форматына көшіп, көптеген көрерменнің көңілінен шыққан онлайн іс-шараларды өткізгенін айтуға болады».
Сондай-ақ білім беруге арналған онлайн платформаларға арнап театр өнерімен таныстыратын бейне-сабақтардың дайындалғанын жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомар Тоқаев былтыр 1 қыркүйектегі жолдауында өскелең ұрпақтың шығармашылық әлеуетін, балаларға арналған үйірмелерді қайта жандандыруға баса назар аудару керегін айтып, тапсырма берді.
Министрлік осы тапсырмаларды орындау мақсатында мәдениет, спорт саласындағы заңнамаларға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, мүдделі мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар, қоғам белсенділерімен бірлесіп тиісті нормативтік құқықтық актілер қабылданды. Нәтижесінде мемлекекттік шығармашылық және спорттық тапсырыстар іске асырылып, балалар мен жасөспірімдер шығармашылық үйірмелерге тегін қатысуға мүмкін алатын болады.
Оған қоса Мемлекет басшысының шығармашылық пен қолөнер негіздерін үйрету туралы тапсырмасын орындау мақсатында былтыр қазаннан бастап «Ұлағатты ұрпақ» атты білім беруге арналған онлайн платформа іске қосылды. Бұл жоба аясында mmura.kz сайтында оқушылар театр, музыка, кинематография, бейнелеу өнері және «Киелі Қазақстан» сияқты 5 бағыт бойынша қазақ және орыс тілінде білім беру бейнесабақтарына еркін қатысуға мүмкіндік алды. Бүгінде тіркелген жасөспірім қолданушылардың саны 11 мыңнан асып, бейнесабақтарды қарағандардың саны 5 млн.адамнан асты. Осы шаралардың бәрінде еліміздің театр ұжымдарының қосқан үлесі зор екенін айтқым келеді»,-деді.