Олимпиада күніне арналған іс-шаралар легі Алматыда жалғасты

Олимпиада күніне арналған іс-шаралар легі Алматыда жалғасты

Бүгін Халықаралық Олимпиада күнін атап өту аясындағы эстафета Алматыда спорттық құзға өрмелеу сайысымен жалғасты.

Өскемендегі жеңіл атлетика, Петропавлдағы велододадан соң эстафетаны оңтүстік өңір қабыл алды. «Бәріміз бірге: жылдамырақ, биігірек, мықтырақ» ұранымен спортшылар бүкіл елмен ынтымақтастықта екенін білдіріп жатыр.

Құзға өрмелеу – Олимпиада бағдарламасындағы ең жас спорт түрінің бірі. Токио Олимпиадасында спорттық құзға өрмелеушілер алғаш рет бақ сынайды. Олардың қатарында отандасымыз Ришат Хайбуллин де бар. Алматы тумасы 2019 жылы Әлем чемпионатында жүлде мен жолдама жеңіп алды.

«Спорттық құзға өрмелеу өте жас спорт түрі саналады. Бізде бұл спорт түрін қарқынды дамытуға бар жағдай бар. Табиғи және жасанды құздарды еліміздің әр өңірінен табуға болады. Токиода ел намысын қорғайтын атлетіміз Ришат Хайбуллинге сәттілік тілейміз!

Пандемия олимпиадалық турнирлердің жарыс кестесіне біраз өзгеріс енгізді. Көптеген іріктеу жарысы өтпей қалды. Халықаралық Олимпиада комитеті ойын кестесін азайтқандықтан, Токиодағы спортшылар саны Рио Олимпиадасынан екі мыңға кем болмақ.

Дегенмен, спорттық құзға өрмелеу, каратэ секілді жаңа бағдарламалар біздің алға басып, биіктерден көрінуімізге себеп болары сөзсіз»,-дейді Елсияр Қанағатов.

Жас спортшылар 2024 жылы Парижде өтетін Олимпиадада бақ сынауда көздеп, ұлттық құрамаға қабылдану үшін бар күшін салмақ.

«Қазақстанда спорттың бұл түрін қарқынды дамытуға болады. Сондықтан, бізге Ришат салған даңғыл жолды одан әрі жалғастырып, биікке ұмтыла беру керек. Жастардың талабы зор екені қуантады. Ең бастысы - аталған спорт түрі жастар арасында кеңінен танылып келеді. Болашаққа сеніммен қараймыз. Велоспорт немесе жеңіл атлетика сынды бұқаралық спорт түріне айналатыны анық»,-дейді спорттық құзға өрмелеуден Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Александр Нигматулин.

Жасөспірімдер арасындағы ел чемпионатының жүлдегерлері «боулдеринг» пен «қиындық» бойынша сынға түсті. Екі топ жылдамдыққа өрмелеуден жарысқанын да айта кету керек.

«Бұл өте қызық спорт түрі. Түрлі әсер аласың. Әрине, бапкердің жетекшілігімен, қауіпсіздік шараларын сақтау арқылы шұғылдану керек. Сондықтан, спорт мектептері мен үйірмелеріне келіп үйреніңіздер, жарысып көріңіздер. Бұл  керемет сезім»,-деді жылдамдыққа құзға өрмелеуден биылғы Қазақстан чемпионатының жүлдегері Матвей Есипов.

Айта кетейік, Халықаралық Олимпиада күнін атап өту 21 маусымда Ақтауда жалғасады. Бұл қалада бокс пен дзюдодан шеберлік сабақтары өтеді. Олимпиада күніне арналған эстафета 23 маусымда елордадағы триатлон саябағында аяқталады. Бұл күні көше спорт түрлерінен мерекелік іс-шара өтеді. Бұл іс-шараны Qazsport арнасының тікелей эфирінен тамашалай аласыздар.