
Бүгін Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде «Сәлем, Елорда!» - өңірлер өнерінің керуені» тақырыбында баспасөз жиыны өтті.
Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов пен «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымының директоры Жеңіс Сейдуллаұлы БАҚ өкілдеріне өнер шеруінің мақсаты жайлы айтып, оның мәдени маңызы мен өткізілу жоспарын таныстырды.
Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен өтетін «Сәлем, Елорда!» ІІ республикалық өнер шеруінің мақсаты – өңірлердің өнері мен мәдени жетістіктерін кеңінен насихаттап, озық үлгідегі орындаушыларды дәріптеу. Сонымен қатар «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ел Тәуелсіздігінің 30 және жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы сынды биыл республикалық маңызы бар мерейтойларды қамту.
«Министрліктің қамқорлық аясын кеңейту, өңірлермен өзара ынтымақтастығын арттыру мақсатында өткен жылы музей, кітапхана, музыка, театр саласы бойынша 4 республикалық орталық құрылған болатын. Бұл орталықтардың қызметі – әр сала бойынша еліміздің түпкір-түпкіріндегі мәдениет мекемелерімен, әріптестерімізбен тығыз қарым-қатынас орнату арқылы ел мәдіниетін дамыту.
Осындай орталықтың бірі – «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымы» жанынан құрылған «Республикалық концерттік-гастрольдік қызмет орталығы». Бұл орталық былтыр 19 ақпанда құрылып, сол сәттен бері қарқынды жұмыс істейді. Орталықтың үйлестіруімен өткен республикалық, халықаралық онлайн іс-шаралар бұқаралық сипатқа ие болып, оларға облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың шығармашылық ұжымдары мен концерт ұйымдары көптеп тартылды. Сондай жоғары деңгейде өткізуді қолға алып отырған кезекті жобамыз – «Сәлем, Елорда!» өнер шеруі»,-деді Нұрғиса Дәуешов.
Ал Жеңіс Сейдуллаұлының айтуынша, жобаның басқа өнер іс-шараларынан басты ерекшелігі – өңір өнерпаздарына айрықша мән берілуінде жатыр. «Сәлем, Елорда!» фестивалінде тек концерттер мен қойылымдар ғана емес, өңірлердің филармониялары мен мәдени ұйымдары қызметкерлеріне арналған шеберлік сағаттары өтеді.
Жоба жайлы мәлімет:
Жоба 22-24 маусым аралығында Алматы облысы мен Алматы қаласының мәдениет ұйымдарында өтеді. Іс-шара өңірлік делегациялардың қатысуымен Алматы облысының Жамбыл ауданында орналасқан Жамбыл Жабаевтың ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімімен басталады. Жоба аясында өңірлердің мәдениет мекемелерінің басшылары мен мамандары үшін арнайы шеберлік сағаттары мен семинар-тренингтер, түрлі тақырыптарда кездесулер өткізу жоспарланған. 24 маусым сағат 11:00-де ҚР Ұлттық кітапханасының мәжіліс залында барлық өңірдің Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы, Халық шығармашылығын дамыту орталығының, филармония мен концерт ұйымы директорларының қатысуымен мәжіліс өтеді.
Жоба 24 маусым сағат 17:00-де Жамбыл атындағы Қазақ Мемлекеттік филармониясында «Сәлем, Елорда!» ІІ республикалық өнер шеруінің концертімен қорытындыланады.