
Бүгін Петропавлда 23 маусым – Халықаралық Олимпиада күніне арналған велошеру өтті. Іс-шараны Олимпиада чемпионы, танымал шабандоз Александр Винокуров бастады.
Халықаралық Олимпиада күніне арналған іс-шаралар жыл сайын 23 маусымда ұйымдастырылады. Биыл аталған мереке елімізде28-ші рет атап тойланып жатыр. Осыған орай, Ұлттық Олимпиада комитеті бүкіл маусымды олимпиада құндылықтарына арнайды. Барлық іс-шара халықаралық олимпиада қозғалысының «Бәріміз бірге: жылдамырақ, биігірек, мықтырақ» атты ұранымен өтеді.
Әуелі Александр Винокуров атындағы спорт сарайынан жүзден астам велошабандоз шеруге шықты. Ересектер мен балалар қала көшелерімен 10 шақырымдай жүріп өтті. Қатысушыларға Халықаралық Олимпиада комитетінің басшысы Томас Бах пен Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев қол қойған сертификат табысталды.
«Мен осында келгеніме және спортты сүйетін жерлестеріммен кездескеніме қуаныштымын. Бұл күндері велоспорттан Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр. Сондықтан Петропавлды дәл қазіргі таңда велосипедшілер мекені деп айтуға болады. Бүгінгі іс-шараға қатысқандар қатарында болашақ олимпиадашылардың бар екеніне сенімдімін»,-дейді Александр Винокуров.
«Осындай ұзақ қашықтықты бағындырғаным үшін кеудемді мақтаныш кернейді. Ата-анам да жанкүйер болып, қолдау білдірді. Бүгінгі мереке – қатты ұнады. Енді жыл сайын қатысуды дәстүрге айналдырғым келеді»,-деді велошеруге қатысушы Әния Байгужинова.
Айта кетейік, Олимпиада күні аясында мерекені атап өту Өскемен қаласында басталған еді. Енді эстафета кезегі 20 маусымда Алматыда спорттық құзға өрмелеу бойынша сайыспен жалғасады. Ал 21 маусымда Ақтауда бокс және дзюдодан шеберлік сабағы өткізілсе, 23 маусымда елордада баскетбол ойындары, стрит воркаут, каноэде есу және текбол сайысымен мәресіне жетеді.