Ақтоты Райымқұлова сала қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қорғау, қамтамасыз ету бағытында Министрлік атқарып жатқан жұмыспен таныстырды

Ақтоты Райымқұлова сала қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қорғау, қамтамасыз ету бағытында Министрлік атқарып жатқан жұмыспен таныстырды

Бүгін Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның 2021 жылға арналған жұмыс жоспары бойынша комиссия отырысы өтті.

Жиынға қатысқан Мәдениет және спорт министрі, әрі аталған комиссия мүшесі Ақтоты Райымқұлова мәдениет, өнер саласы қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қорғау және қамтамасыз ету бағытында Министрлік атқарып жатқан жұмыспен таныстырды.

Әуелі Ақтоты Райымқұлова сала қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау және қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмысқа тоқталды.

«Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде былтыр 1 қаңтардан бастап мәдениет және өнер ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50%-ға дейін, өңірлерде 35%-ға дейін артты. Жалпы 34 мыңға жуық адамның жалақысы өсті. Оның ішінде республикалық деңгейде 3 мыңға жуық адам, өңірлерде 31 мыңнан астам.Бұл шара қызметкерлердің шығармашылық-өндірістік қызметінің сапасы мен тиімділігін арттыруға әсер етті. Ұжымдағы әлеуметтік-психологиялық жағдайдың жақсаруына, сондай-ақ рухани өнім шығаратын қызметкерлердің шығармашылық әлеуетінің жандануына мүмкіндік берді. Отандық балет тарихында тұңғыш рет мәдениет ұйымында балет әртісі лауазымында кәсіби қызметін тоқтатқан кезде кемінде 20 жыл кәсіби еңбек өтілі болса соңғы 3 жылдағы орташа жалақының 60% мөлшерінде балет әртістеріне арнайы ай сайынғы ақшалай төлемдер енгізілді. Ерекше мәртебесі бар мәдениет және өнер саласындағы жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамының лауазымдық жалақысына 1,75 коэффициенті сақталды.

Былтыр 1 қаңтардан бастап мәдениет және спорт саласындағы мамандандырылған мектеп пен колледж қызметкерлерінің жалақысы артты. Ол 2023 жылға дейін жыл сайын 25%-ға өсетін болады. Қазақстан Республикасында әдебиет және өнер қайраткерлеріне, талантты жастарға мемлекеттік қолдауды күшейту мақсатында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының мәдениет саласындағы стипендиясы жылына 240-тан 660 айлық есептік көрсеткішке дейін ұлғайтылды. Өткен жылы 75 мәдениет және өнер қайраткері мемлекеттік стипендия иегері атанды. Мемлекет басшысының шешімімен 2020 жылы Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттік сыйлық жеті қайраткерге берілді. Сонымен қатар былтыр алғаш рет мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында шығармашылық одақтарды қолдауға 138,5 млн теңге бөлінді.

Кітапхана, музей, мәдени-демалыс мекемесі қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін одан әрі қолдау және өңірлік мәдениет ұйымдарының имиджін арттыру мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі жыл сайын мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің «Рухани қазына» фестивалін өткізеді. Осы жылы фестиваль 12 мамырда басталып, оған еліміздің 15 өңірінен 300-ден астам өтініш түсті. Қорытындысы бойынша үздік мемлекеттік музей, кітапхана, облыстық, аудандық, ауылдық маңызы бар мәдени-демалыс ұйымы, сондай-ақ мәдениет ұйымдарының үздік қызметкерлері номинациялары бойынша 52 жеңімпаз анықталып, фестивальдің арнайы сыйлықтары табысталды.

Сондай-ақ биылдан бастап ұйымдастыру комитеті мәдениет саласындағы озық идеялармен, жаңа жобалармен, үздік ұйымдар және қызметкерлермен ерекшеленген өңірге жыл сайын фестиваль шеңберінде «Қазақстанның мәдени астанасы» мәртебесін беру туралы шешім қабылдады. Ағымдағы жылы осындай құрмет Ақмола облысының Көкшетау қаласына бұйырды. Таңдалған қала жыл бойы бүкіл Қазақстанның мәдени өмірінің шоғырлануына, көптеген қызықты мәдени оқиғалардың өтетін орнына айналады. Мұнда театр және музыка фестивальдері, түрлі музей және кітапхана жобалары, жас суретшілердің аймақаралық көрмелері, конкурстар, семинарлар, конференциялар және тағы басқалар жүзеге асырылады».

Осыдан кейін сала қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін шешу бағытында атқарылып жатқан жұмыс жайлы баяндады.

«Қызметкерлердің тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында былтыр 23 қазанда Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақстандық ипотекалық компания «Ипотекалық ұйымы» АҚ арасында 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» тұрғын үй-коммуналдық дамыту мемлекеттік бағдарламасының қатысушылары үшін сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй сатып алу туралы келісімге қол қойылды. Мемлекеттік бағдарлама аясында Министрліктің мемлекеттік қызметшілеріне Нұр-Сұлтан қаласынан 20 пәтер бөлінді (1 бөлмелі – 10, 2 бөлмелі - 5, 3 бөлмелі – 5).

Алматы қаласында Мәдениет және спорт министрлігіне бағынысты ұйымдардың қызметкерлеріне 16 пәтер (1 бөлмелі-3, 2 бөлмелі-11, 3 бөлмелі-2) және Нұр-Сұлтан қаласындағы бағынысты ұйым қызметкерлеріне 47 пәтер бөлінді (1 бөлмелі).

Ақтөбе облысында жастар мен мәдениет, өнер, архив мекемелері қызметкерлерін әлеуметтік қолдау мақсатында 14 қызметтік және 25 жалға берілетін пәтер берілді. Оның ішінде театр, кітапхана, музей саласының 13 жас маманы жалға берілетін пәтерлермен қамтамасыз етілді. Министрліктің қолдауымен Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының 38 маманына ҚИК бағдарламасы бойынша сатып алу құқығымен 1 бөлмелі пәтер беру мәселесі қарастырылып жатыр».

Ақтоты Райымқұлова Министрлік қызметкерлердің еңбек құқықтарының сақталуын тиімді бақылауды қамтамасыз ететінін атап өтті.

«Министрлік пен бағынысты ұйымдардың басшылары арасындағы еңбек қатынастары Еңбек кодексіне, еліміздің өзге де заңдарына және нормативтік құқықтық актілерге, ұжымдық шартқа, жұмыс берушінің актілеріне сәйкес рәсімделеді.

Биыл 18 ақпанда қызметкерлердің еңбек, әлеуметтік-экономикалық құқықтары мен мүдделерін, кепілдіктері мен жеңілдіктерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі мен «Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігі арасында 2021-2023 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы салалық келісім жасалды. Осы келісім шеңберінде әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі оқшауланған комиссиялар жұмыс істейді (барлығы 2 комиссия: МСМ және салалық кәсіподақ тарапынан).
Кәсіподақтың төрағасы Мәдениет және спорт министрлігі қоғамдық кеңесінің мүшесі Светлана Кеңесқызы Иманқұлова еңбек құқықтарын қамтамасыз ету, қызметкерлерді әлеуметтік қорғау, олардың жалақысын арттыру және т. б. мәселелерге белсенді қатысатынын атап өткім келеді».

Министр мәдениет және архив саласы қызметкерлеріне жасалып жатқан жағдай жайын жеткізді.

«Мәдениет пен архив саласы қоғамның рухани дамуында маңызды рөл атқарады және жалпыұлттық және әлемдік мәдени мұраның сақталуын қамтамасыз етеді. Мемлекеттің жалпыұлттық игілігі мен мәдени құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп отырады. Бұл іске мәдениет және архив ұйымдарының қызметкерлері баға жетпес үлес қосуда. Олардың әл-ауқатын арттыру, әлеуметтік қолдау шараларын қабылдау, еңбек құқықтарын қамтамасыз ету Министрліктің тұрақты бақылауында.

Мәдениет және архив қызметкерлерінің еңбегін ынталандыру мақсатында жүйеде кемінде 15 жыл жұмыс өтілі бар, мәдениет және архивтер саласының дамуына ерекше үлес қосқан, мәдениет саласын жетілдіруге белсенді қатысқаны үшін қызметкерлер тұрақты негізде мемлекеттік және ведомстволық наградалармен («Мәдениет саласының үздігі», «Архив саласының үздігі» белгісімен наградталған), Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің грамотасы мен алғыс хатымен марапатталады.

Қызметкерлердің еңбек құқықтарын қамтамасыз етуде мәдениет және архив ұйымдары қызметкерлерінің еңбек жағдайын жақсарту мәселесі маңызды рөл атқарады. Өйткені, мүлдем зиянсыз мамандықтар жоқ екені белгілі, бәрі өздігінен қауіпті.

Осыған байланысты кітапхана жүйесі мен архив қызметкерлерінің жұмыс орнындағы кәсіби қауіп-қатердің кейбір тұстарын атап өткім келеді.Барлық дерлік архив және кітапхана қызметкерлері қорда жұмыс істеу барысында қағаз шаңымен бетпе-бет келуге мәжбүр.

Кітапханашылардың жұмысы саңырауқұлақтардың көптеген спорасы бар атмосферада өтеді, олардың ағзаға әсері кітапхана қызметкерлерінің көптеген кәсіби ауруларының дамуына ықпал етеді. Бүгінгі таңда зең саңырауқұлақтарының адамдар үшін зиянды екендігі нақты анықталған. Көгеруден басқа, кітапханашының денсаулығына кітап шаңы қауіп төндіреді, ол аллергия, бронх астмасын тудыруы мүмкін.

Архив мекемелеріндегі жұмыс шаң жинауға, саңырауқұлақ вирустарын жұқтыруға қабілеті бар құжаттармен байланысты. Олар өз кезегінде әртүрлі ауруларды тудырады.

Архив қызметкерлері әрбір қағаздың сақталуын және қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, өндірістік ортаның көптеген факторына ұшырайды. Бұл жергілікті жүктеме, аллергендер саналатын шаң-тозаң, қалпына келтіру және дезинфекциялау жұмысында қолданылатын химикаттар.

«Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Үкіметтің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысының 7-қосымшасындағы 3-тармақа сәйкес, зиянды (ерекше зиянды) және қауіпті (ерекше қауіпті) еңбек жағдайлары бар жұмыспен айналысатын қызметкерлерге, атап айтқанда:

- зең саңырауқұлақтарын, актиномицеттер мен патогенді микробтарды жұқтырған қағаз негізіндегі құжаттармен, кинопленкамен және фотопленкамен жұмыс істеу және оларды зиянды химиялық ерітінділерді қолдана отырып, қалпына келтіру, бетіндегі зеңді жою;
- қағаз жеткізгіштердегі құжаттардың жағдайын диагностикалау бойынша жұмыс;
- мамандандырылған үй-жайлардағы ауа және қағаз ылғалдылығын реттеу және басқа да арнайы технологиялық процестерді өзгерту;
- бензинде, дихлорэтанда, ацетонда, эфирде және сілтілік ерітінділерде өндірістік қондырғылар мен аппаратуралардың бөлшектерін, ыдыстарды, бұйымдарды, материалдарды қолмен жуу;
- түптеу (тігу) үшін, әлсіз контрастты және өшетін мәтіні бар құжаттар бойынша ақпаратты анықтау;
- кітапхана және музей-қорымен жұмыс істеу, сондай-ақ зиянды химиялық реакциялардың ошағына айналатын шаң мен кірден тұратын театрлық декорация мен бутафорияны жасау.

Алайда жоғарыда көрсетілген қосымша ақы қызметкерлерге Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №1053 бұйрығымен бекітілген «Жұмыс істеу жұмыс уақытының қысқартылған ұзақтығына, жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысына және еңбекке ақы төлеудің жоғарылатылған мөлшеріне құқық беретін өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізімі, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесі» негізінде беріледі.

Сонымен қатар жоғарыда аталған тізімде мемлекеттік архив және кітапхана мекемелері қызметкерлерінің лауазымдары жоқ.

Белгіленген заңнамаға сәйкес, қызметкерлер лауазымдарының тізімге енгізу шарттарының бірі өндірістік объектілерді еңбек жағдайлары бойынша аттестациялау жүргізу болып табылады (Еңбек министрлігінің Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты жүргізеді), оның шеңберінде зертханалық және аспаптық өлшеулер негізінде қауіпті және зиянды өндірістік факторлардың деңгейі айқындалады.

Бүгінде 4 республикалық архивте (ҚР Ұлттық архиві, Орталық мемлекеттік архив, Орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві, Орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалары архиві) аттестациялау аяқталып (2018 жылдың 4 тоқсанында), нәтижесі Мәдениет және спорт министрлігімен уәкілетті органға жіберілді (2019 жылдың басында ҚР Еңбек министрлігіне). Алайда аттестациялау қорытындысы бойынша ҚР Еңбек министрлігінің шешімімен мемлекеттік архив мекемелері қызметкерлері лауазымдары қауіпті және зиянды өндірістік факторлардың деңгейі төмен болғандықтан Тізімге енгізілмеді.

Өндірістік объектілердің еңбек жағдайлары бойынша аттестациялау жұмысы кітапханаларда да жүргізілетін болады.

Министрлік жұмысының маңызды бағыты халық үшін заманауи, жайлы әлеуметтік-мәдени орта құру, мәдениет және архивтер саласының инфрақұрылымын, оның ішінде ауылды елді-мекендерде жақсарту».

Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова саладағы кадр жетіспеушілігіне тоқталды.

«Бүгінде жергілікті атқарушы органдардың ақпаратына сәйкес, өңірлерде 353 мәдениет объектісі, оның ішінде 127 мәдениет үйі, 113 кітапхана, 85 ауыл клубы, 10 театр, 8 музей, 2 концерт залы және 2 мәдени-демалыс ұйымы жетіспейді. Сонымен қатар жүргізілген талдау мәдениет объектілерін оңтайландыруға байланысты жергілікті атқарушы органдар тарапынан мәдениет саласындағы ғимараттарды қысқарту үрдісі жүріп жатқанын көрсетеді. Мәселен, өңірлерде мәдениет ұйымдарын (мәдениет үйі, музей, кітапхана және т.б.) жаппай біріктіру/қосу бойынша тәжірибе барлық жерде қолданылады. Сол арқылы тұрғындардың мәдени құндылықтарға қолжетімділігін, әсіресе моноқалалар мен ауылды жерлерде шектейді.

Жергілікті атқарушы органдарға тұрғындарға мәдениет ұйымдарының, әсіресе ауылдағы қызметтеріне ең аз қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында моноқалалардағы, аудандық және ауылдық деңгейдегі мәдениет ұйымдары желісінің ең төменгі мемлекеттік нормативтерін сақтау ұсынылады. Өз кезегінде, мәдениет ұйымдарының қызметіне тең қолжетімділікті қамтамасыз ету жастардың дамуына оң әсерін тигізеді, балалар мен жасөспірімдердің әлеуметтенуі мен шығармашылық әлеуетін дамытуды қамтамасыз етеді.

Саланың алдында тұрған тағы бір проблема ауылдағы мәдениет ұйымдарында кадрлардың жетіспеушілігі. Бүгінгі таңда ауылдық жерлердегі мәдениет ұйымдарындағы кадрлардың тапшылығы әр түрлі мамандықтар бойынша 1200 адамды құрайды, Оның ішінде кітапханашы, хореограф, мәдени ұйымдастырушы, вокалист, музей, ауылдық клубтар қызметкерлері және т.б. Жергілікті жерлерде жас мамандарды әлеуметтік қолдауға бағытталған бірқатар бағдарлама жұмыс істемейді. Мысалы, «Дипломмен – ауылға» жобасы өңірлердегі кадр мәселесін шешпейді. Мамандардың келуіне бірінші кезекте, ауылдағы өмір сапасы тұрғын үйдің болуы, жалақының лайықты деңгейі, әлеуметтік қолдау шаралары әсер етеді. Бұл жұмыс іздеушілердің әңгімелесу кезінде қоятын сұрағы.

Бұл мәселені шешу жан-жақты болуы керек. Шешім ретінде ауылдағы көп функционалды орталықтар үшін әмбебап жұмысшыларды даярлау болуы мүмкін. Мысалы, кітапханашы, экскурсовод, мәдениеттанушы».

«Жергілікті атқарушы органдардың мәліметі бойынша бүгінгі күні республика бойынша барлығы 223 мемлекеттік архив жұмыс істейді. Оның ішінде 5-еуі республикалық (ҚР Ұлттық архиві, орталық мемлекеттік архив, орталық мемлекеттік ғылыми-техникалық құжаттама архиві, орталық мемлекеттік кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалары архиві, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығы) және 218 облыстық және республикалық маңызы бар қалалық архив.

Ұлттық архив қоры құжаттарының және еліміздің мемлекеттік архивтерінде сақталатын басқа да архив құжаттарының көлемі әртүрлі тасығыштарда шамамен 25 млн. Оның ішінде қағаз негізінде 98% (24,5 млн) және аудио-визуалды форматта 2% (492 178).

Республиканың мемлекеттік архивтері бұл құжаттардың мәңгілік сақталуын және пайдаланушыларға қолжетімді болуын қамтамасыз етеді. Жыл сайын олардың қызметтерін жүздеген мың қазақстандық және шетелдік азамат пайдаланады. 2020 жылы 400 мыңнан астам әлеуметтік-құқықтық сипаттағы сұраныстар орындалды, 375 анықтамаға апостиль қойылды.

Бүгінгі таңда көптеген мемлекеттік архивтердің қоймалары 100% жүктелген. Архив құрылысын қаржыландыру мәселесі өте баяу шешілуде. Осыған байланысты мемлекеттік архивтер және ұйымдардан құжаттарды қабылдай алмайды және құнды тарихи дереккөздерден айрылуы мүмкіндігін тудырады.

Мысалы, Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінің (Алматы қ.) қоймалары шамадан тыс жүктелген. Мәселен, жобалау сыйымдылығы 1 млн. сақтау бірлігіне есептелген республиканың орталық мемлекеттік архивінде XVI ғасырдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі Қазақстан тарихы бойынша 1 млн. 500 мыңнан астам іс пен құжат сақталуда. Барлық осы құжат бір данада сақталады және аналогы жоқ. Олардың түркі, шағатай, қазақ, қытай, ағылшын, неміс және басқа тілдердегі палеографиялылығы мен көптілділігі құнды және өзіне тән бірегей ерекшелігі бар.

Сақталатын архивтік раритеттер зерттеушілермен үнемі сұранысқа ие, соның ішінде – шетелдік, (АҚШ, Австрия, Швейцария, Жапония, Қытай, Оңтүстік Корея, Франция және т.б.) олардың географиясы жыл сайын өсуде. Бұл белгілі бір дәрежеде әлемдік қоғамдастық алдында Қазақстанның имиджіне жағымды әсер етеді.

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық архивінің архивтік құжаттарын, мемлекеттік сақтандыру қорының құжаттарының көшірмелерін сақтауды жүзеге асыратын, 10 млн. бірлік сақтауға арналған жеке архив қоймасын салу мәселесі қарауды талап етеді.
Архивтердің жүктелу проблемасын шешу мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі былтыр желтоқсанда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетіне 200, 500, 1 млн және 1,5 млн қорға арналған ғимараттың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге өтінім берді.

Өз кезегінде, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі биыл 11 наурызда Мәдениет және спорт министрлігінің өтінімі негізінде мемлекеттік архивтер ғимараттарының үлгілік жобаларын әзірлеу үшін 2022-2024 жылдарға арналған бюджеттік өтінім қалыптастырды.

Республикалық бюджеттік комиссия өтінімді мақұлдаған жағдайда, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 2022 жылы Заңның белгіленген талаптарына сәйкес, архив ғимараттарының үлгілік жобаларын әзірлеуге дайын.

Архив мекемелерін білікті кадрлармен қамтамасыз ету проблемасы өзекті болып қалуда. Республика архивтері бейіні бойынша білімі бар мамандардың бар-жоғы 2,5%. Сонымен қатар Министрлікке электрондық құжат айналымы және электрондық архив бөлігіндегі функцияларды бергеннен кейін техникалық білімі бар мамандар тапшылығы проблемасы өткір болып тұр.

Кейбір архивтерде жыл ішінде ауысымдылық құрамның 50%-дан астамын құрайды. Бұл ретте, мемлекеттік архив мекемелерінің штат санының қысқаруына қарамастан, сақталатын құжаттар көлемінің ұлғаюы байқалады.

Архив саласында білікті кадрлардың жетіспеушілігінің басты себебі-архивші мамандықтарының престижінің төмендігі. Сондықтан республиканың жоғары оқу орындары осы бағыт бойынша мамандар даярлауға мүдделі емес. Мысалы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті «Архив-жүргізу», «Құжат-жүргізу» және «Құжаттамалық қамтамасыз ету» мамандықтары бойынша жоғары білім бағдарламалары бойынша мамандар даярлауды жүзеге асыратын жалғыз жоғары оқу орны.

Сондықтан өңірлердің жоғары оқу орындарында архив ісі және құжаттама саласы бойынша мамандықтар ашу, ҚР Білім және ғылым министрлігі «Архивтану», «Құжаттану» және «Құжаттамалық қамтамасыз ету» мамандығы бойынша мемлекеттік гранттарды ұлғайту қажет»,-деді.

«Ауыл-ел бесігі» жобасы шеңберінде биыл еліміздің 12 өңіріндегі ауылда мәдениет объектілерін салу, күрделі жөндеу және реконструкциялау бойынша 64 жобаны іске асыру көзделген.
Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды тұғырнамасын орындау жөніндегі жол картасы аясында биыл республика бойынша 89 мәдениет объектісінің құрылысы және 211 объектіге жөндеу жұмысы жүргізіледі. Оның ішінде ауылда 36 объект салынып, 112 объект қалпына келтіріледі.

Аталған инфрақұрылымдық жобалар «Ауы -ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бизнестің жол картасы» бағдарламалары, Мемлекеттік жекешілік әріптестік тетіктерін пайдалану есебінен және жеке инвестициялар есебінен іске асырылады.

Жалпы саланың алдында 2025 жылға дейін республика бойынша 1 500 мәдениет объектісін салу және жөндеу (құрылыс – 1 241, жөндеу – 259), оның ішінде ауылда 748 объектісін салу және жөндеу (құрылыс – 180, жөндеу – 568) сынды ауқымды міндет тұр. Бұл шаралар Nur Otan партиясының Сайлауалды тұғырнамасында белгіленген міндеттермен де байланысты екенін атап өткім келеді», -деді.