Бүгін Қанат Мусиннің төрағалығымен ҚР Президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі комиссияның Мәдениет және спорт министрлігінің мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі қызметіне арналған отырысы өтті.
Бұл тақырыпта Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі, аталған комиссияның мүшесі Ақтоты Райымқұлова баяндама жасады.
Комиссия отырысының жұмысына Қазақстан Республикасы билігінің заң шығарушы, атқарушы және сот тармағы органдарының өкілдері, білім, ғылым, мәдениет және өнер ұйымдарының, халықаралық және үкіметтік емес ұйымдардың, адвокатура мен БАҚ өкілдері қатысты.
Комиссия отырысында ел Конституциясында, Еңбек кодексінде, «Мәдениет туралы», «Білім туралы» Заңда, Қазақстан 2005 жылы 28 қарашада ратификациялаған БҰҰ-ның экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқық туралы халықаралық пактісінде кепілдік берілген мәдениет және өнер саласындағы мекеме қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын сақтаудың өзекті мәселелері талқыланды.
Комиссия мүшелері мәдениет және өнер саласындағы мекеме қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық, еңбек құқықтарын сақтау және қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды.
Мәдени саясаттың негізгі тәсілдері мен принциптері «Мәдениет туралы» Заңда және мәдениет саясатының тұжырымдамасында, сондай-ақ Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында айқындалғаны атап өтілді.
Сарапшылар «Ауыл – ел бесігі», «Жұмыспен қамтудың жол картасы», «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары шеңберінде, мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) тетіктерін пайдалана отырып, оның ішінде жеке инвестициялар есебінен еліміздің барлық өңіріндегі мәдениет объектілерінің санын ұлғайту қажеттілігін атап өтті.
Жергілікті атқарушы органдардың дерегі бойынша республикада 353 мәдениет объектісі, оның ішінде 127 мәдениет үйі, 113 кітапхана, 85 ауыл клубы, 10 театр, 8 музей, 2 концерт залы және 2 мәдени-демалыс ұйымы жетіспейді.
Бұл ретте комиссия мүшелері облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың атқарушы органдар қызметінің тиімділігін жыл сайынғы бағалау жүйесіне ауылдық және қала маңындағы елді мекендердің мәдениет объектілерімен қамтамасыз етілуі сияқты өлшемдерді енгізуді ұсынды.
Комиссия мүшелері еліміздің заңдары мен халықаралық міндеттемелері кепілдік беретін мәдениет және өнер мекемесі қызметкерлерінің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қамтамасыз ету мемлекеттің басым міндетінің бірі, ал азаматтардың әлеуметтік қорғалу дәрежесі - кез келген өркениетті қоғамның, мемлекеттік саясаттың әлеуметтік бағытының басты индикаторы екенін атап өтті.
Сонымен қатар жиында мұрағат мекемелері, кітапхана жүйесі, мәдениет саласы үшін білікті кадрларды даярлау және қайта даярлаудың өзекті мәселелері талқыланды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде мәдениет және өнер саласындағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды қаржыландыру көлемін ұлғайту, еліміздің мұрағат мекемелері үшін жаңа ғимараттар салуды қаржыландыру мәселелесін қарау ұсынылды.
Бұдан бөлек, еомиссия мүшелері өнердің, музейтану мен мәдениеттанудың барлық саласында ғылыми-зерттеу жұмысын дамытуға, мәдениет объектілері қызметін цифрландыруға, сондай-ақ Қазақстанның көптеген мәдениет және өнер саласының әріптестігі мен бәсекелестігі жағдайында әлемдік мәдени процеске ықпалдасу әлеуетін жандандыруға ерекше назар аударды.
Комиссия отырысында, мемлекеттік қызметкердің әлеуметтік-экономикалық және еңбек құқықтарын қамтамасыз етудің өзекті мәселелері талқыланды. Комиссияның отырысында әзірленген ұсыныстар Мемлекет басшысының, Парламенттің пен Үкіметтің назарына алынады.