
ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов Шри-Ланка Демократиялық Социалистік Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі (қоса атқарушы) Д.Л. Мигахаландемен кездесті.
Кездесу барысында туризм саласындағы ынтымақтастық мәселелері сөз болды. Ерлан Қожағапанов Елшіге алғыс айтып, әлемде пандемияға байланысты қалыптасқан жағдайға қарамастан, тараптар Қазақстан Республикасы мен Шри-Ланка арасындағы, оның ішінде туризм және мәдениет саласындағы екіжақты өзара іс-қимылды кеңейту және нығайту бойынша нақты қадамдар жасауға қол жеткізілетініне сенім білдірді.
Шри-Ланка мемлекетінің бай туристік әлеуеті, кез келген талғамға сай келетін көрікті жерлердің көптігі, түрлі пейзаждар, тарихи және мәдени игілік байлығы Қазақстан туристері үшін үлкен қызығушылық тудырады.
Мұны Қазақстаннан Шри-Ланкаға келушілердің жыл сайынғы өсу қарқыны дәлелдеп отыр. 2019 жылдан бастап Шри-Ланкада 2300 қазақстандық және 200 шриланкалық болған. Қазақстандық авиакомпаниялардың екі ел арасындағы тікелей чартерлік рейстерді ашуға қызығушылық танытып отырғаны байқалады.
Үкіметтің 2020 жылы Қазақстан Республикасынан Шри- Ланкаға бекітілген чартерлік тасымалдаушылар туристер тасымалын қалпына келтіру жөніндегі шешімінен кейін, әуе қатынасын жаңарту кезең-кезеңімен және пилоттық жоба ретінде жүзеге асырылды. Оның ұзақтығы 1 апта, 2020 жылғы 26 желтоқсаннан бастап қазақстандық тарап әуе қатынасын іске қосқан болатын.
Бұдан әрі, осы жылдың 6 ақпанында қазақстандық Air Astana авиакомпаниясы Шри-Ланкаға тікелей рейс ашты, Қазақстаннан келген алғашқы рейсті Шри-Ланка туризм министрі Прасанна Ранатунга қарсы алған.
Алайда, эпидемиологиялық қауіпсіздікке байланысты қазіргі уақытта ҚР мен Шри-Ланка арасындағы тікелей рейстер қайтадан тоқтатылды.
Осыған қарамастан, Ерлан Қожағапанов Елші мырзаны Шри-Ланканың туризм нарығы Қазақстан үшін шығу туризмі, сондай-ақ келу/сыртқы туризм тұрғысынан негізгі салалардың бірі болып қалатынына сендірді, өйткені біздің еліміз Шри-Ланкадан Қазақстанға туристер тартуға және олардың санын көбейтуге мүдделі.
Бұл үшін Шри-Ланка азаматтарының Қазақстанда қолайлы, жайлы және қауіпсіз болуы тұрғысынан барлық қажетті жағдайлар жасалған.
Елдер арасында Туризм саласындағы ынтымақтастықты тереңдету және одан әрі дамыту мақсатында Ерлан Қожағапанов Елші мырзаны өзара түсіністік туралы тиісті меморандум жасасу мәселесін қарауға шақырды.
Оның айтуынша, екіжақты ынтымақтастықтың маңызды аспектісі инвестиция әлеуеті саналады. Бұдан әрі ол Елші мырзаны Қазақстанда жеке шетелдік инвесторлар үшін мемлекеттік қолдаудың қандай құралдары мен шаралары бар екендігі туралы хабардар етті.
Ең алдымен, қазіргі уақытта туристік инфрақұрылымды дамыту және туристік кластер құруда табысты тәжірибесі бар тиісті инвесторларды қолдау бойынша шаралар қабылданып отыр.
Осы мақсатта Қазақстанда заңнамалық деңгейде инвестициялар, оның ішінде шетелдік инвестициялар тарту үшін мынадай шаралар көзделген:
- туроператорларға әрбір шетелдік турист үшін 35 АҚШ доллары (15 мың теңге) мөлшерінде субсидиялау (бұл шара екі елдің туроператорларын тепе-теңдік негізде ынтымақтасуға ынталандыра алады);
- туристік инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде преференциялар беру (салықтық және кедендік);
- тау шаңғысы жабдықтарын сатып алу және туристік объектілер салу бойынша жеке бизнестің шығындарын өтеу (10%).
Аталған преференциялар және мемлекеттік қолдаудың басқа да құралдары Шри-Ланканың ұлттық инвесторлары мен резиденттерін елдер арасындағы іскерлік байланыстарды жолға қою үшін қосымша серпін бере отырып, қызықтырады.