
Бүгін Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов пен Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Күміс Сейітова «Мемлекеттік шығармашылық және спорттағы тапсырысты ілгерілету бойынша мәдениет және спорт саласындағы заңнаманы іске асыру туралы» баспасөз жиынын өткізді.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында балалардың спорттағы және шығармашылық саладағы әлеуетін дамытуға ерекше назар аударған еді.
Осы тапсырманы орындау мақсатында Мәдениет және спорт министрлігі алғаш рет балалар мен жасөспірімдерге арналған мемлекеттік шығармашылық және спорттағы тапсырыс тетігі енгізді. Бұл тапсырысты жүзеге асыру биыл 1 мамырдан бастап іске қосылды. Қаржыландыру толық жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз етіледі.
Ерлан Қожағапанов балалар үйірмесі мен спорт секцияларын жан басына қаржыландыру мәселесіне толығырақ тоқталды. Оны іске қосу процесін автоматтандыру мақсатында Artsport.edu.kz ақпараттық жүйесі дайындалды. Қазір жүйеге республиканың барлық облысы мен республикалық маңызы бар қалалары қосылған. Осы жылы 8 маусымдағы есеп бойынша жүйеде 500-ге жуық өнім беруші мен 8 мың пайдаланушы тіркелген. Оның 4 мыңға жуығы балалар.
Әрбір үйірме мен әр балаға арналған есеп мемлекеттік тапсырысты жан басына қаржыландыру әдістемесіне сәйкес жүргізіледі. Күміс Сейітова айына бір балаға үйірменің құны әр өңірге, сабақтың қарқындылығына байланысты өзгеруі мүмкін екенін айтты.
Сөз соңында Ерлан Қожағапанов облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қаласының әкімдігі балаларды мемлекет тарапынан спорттық және шығармашылық тапсырыспен қамтуды ұлғайту үшін қосымша қаражат бөлуге дайын екенін жеткізді.